Елордалық полицейлер күшейтілген режимде қызмет атқаруда
Балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу, сондай-ақ, қауіпсіз жүріп-тұру дағдыларын қалыптастыру мақсатында елордада «Назар аударыңыз, балалар!» атты жедел-алдын алу іс-шарасы өткізілуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Аталмыш шара балалар қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көңіл бөліп, ата-аналар мен жүргізушілердің жауапкершілігін арттыруға бағытталған.
Бүгін Нұр-Сұлтан қаласы ПД қызметкерлері күшейтілген режимде қызмет атқаруда.
Жолдағы көлік оқиғаларының алдын алу және кішкентай жол қозғалысы қатысушыларына көмек көрсету үшін мектептерге жақын жерлерге және жаяу жүргінші көп орындарға полиция жасақтары қойылды.
Полиция қызметкерлері жаңа оқу жылының басталуына орай бірінші сыныптар арасында өтетін салтанатты жиындарға қатысуда. Санитарлық талаптарды сақтай отырып, оқушылармен жол жүру қағидалары бойынша теориялық және практикалық сабақтар өтуде.
Елордалық полиция қызметкерлері мүдделі мемлекеттік мекемелермен бірлесе отырып 203 жалпы білім беретін мекемелер мен оған іргелес аумақтардағы көшелер мен жолдардың жағдайын, техникалық жабдықталуын тексерді.
183 жаяу жүргіншілер өтпесіне жол таңбалары қойылды. 87 жол белгісі ауыстырылды. Жаяу жүргіншілерге арналған 410 метр жаяу жол салынды, 46 жасанды кедергі орнатылды. Анықталған кемшіліктер бойынша 152 ұйғарым шығарылды.
Сонымен қатар, полиция қызметкерлері балаларды қауіпсіз тасымалдау қағидасының сақталуын және көлік құралдарының аялдамасы мен тұрағын бақылап, жаяу жүргіншілер тарапынан жасалатын заңбұзушылықтардың алдын алуға ден қоюда.
Бүгінгі күнге дейін 34 мектеп автобусының техникалық жай-күйі тексерілді. Балаларды отырғызып түсірген кезде жолда жүру ережесін сақтау туралы жүргізушілермен түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Жыл басынан бері елорда аумағында жол-көлік оқиғаларының салдарынан 47 кәмелетке толмаған бала зардап шегіп, бір бала қайтыс болған.