«Айыппұл төле» іс-шарасының қорытындысы: ШҚО-да 40 автокөлік айыппұл тұрағына қамалды
Шығыс Қазақстан облысында «Айыппұл төле» жедел алдын алу іс-шарасы аяқталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Облыс аумағында ағымдағы жылғы 01-07 қыркүйек аралығында айыппұл салу туралы қаулыларды уақтылы орындау мақсатында прокуратура өкілдерін, жеке сот орындаушыларын, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарын тарта отырып, «айыппұл төле» акциясы өткізілді.
Жеті күн ішінде мемлекет бюджетіне 10 млн.теңгеден астам қаражат өндіріп алынды, әкімшілік құқық бұзушылық туралы қаулыларды орындамағаны үшін мамандандырылған тұраққа 40 автокөлік қойылды.
Сонымен қатар, екі мыңнан астам азаматқа әкімшілік айыппұлдар бойынша берешектері туралы хабарланды.
– Ағымдағы жылдың 7 қыркүйегінде тәртіп сақшылары облыс орталығында Өскемен қаласының 28 жастағы тұрғынының басқаруындағы «Subaru» маркалы көлігін тоқтатты, онда тексеру кезінде жалпы сомасы 320 870 теңгеге «Сергек» аппараттық-бағдарламалық кешенімен автоматты режимде тіркелген 19 төленбеген нұсқама анықталды. Барлық бұзушылықтар ҚР ӘҚБтК-нің 592-бабы (Белгіленген қозғалыс жылдамдығын арттыру) бойынша жасалған. Осыған байланысты борышкердің көлігі айыппұлдарды толық өтегенге дейін мамандандырылған тұраққа қамалды, – деді ШҚО ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Ернар Базаров.
Құрметті азаматтар, Шығыс Қазақстан облысының Полиция департаменті алдағы уақытта әкімшілік айыппұл түріндегі жауапкершілікке тартылмау үшін, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға кеңес береді.