Шымкентте суицидке оқталған тұрғынды құтқарған тәртіп сақшысы марапатталды
Шымкентте суицидке оқталған тұрғынды құтқарғаны үшін тәртіп сақшысы марапатталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шымкент қаласындағы «Бадам» өзенінің көпірінен секіріп, өз-өзіне қол жұмсамақ болған азаматты полиция қызметкері құтқарып қалды. Осыған орай батылдық пен ерлік танытып, өз қызметтік міндетін адал атқарғаны үшін «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» Медальмен полиция лейтенанты Ерлан Жанысбаев Қазақстан Республикасы Ішкі Істер министрі Е. Тұрғымбаевтың жеке құрам бұйрығымен марапатталды.
Оқиға осы жылдың 23 тамыз күні «Бадам» өзенінің көпірінде орын алған. Шымкент қаласы Полиция департаменті ЖПҚБ Патрульдік полиция полкінің инспекторы Е. Жанысбаев қызмет атқару барысында ер адамның көпір жақтауына шығып, секіруге оқталғанын байқаған. Полиция қызметкері жедел әрекет етіп, көпір жақтауында тұрған жігітті қауіпсіз жерге шығарып үлгереді. Осылайша, тәртіп сақшысы өз кәсібилігінің арқасында азаматтың өмірін сақтап қалды.
Ерлан Жанысбаев ішкі істер органдардына 10 жылға жуық қызмет атқарып келеді. Ол өз әрекетін ерлікке балағысы жоқ, себебі бұл оның қызметтік міндеті деп біледі.