Павлодар облысында полицейлер мас күйде комбайн басқарған жүргізушіні анықтады
Павлодар облысында полицейлер мас күйде комбайн басқарған жүргізушіні анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар облысы Успен ауданының полиция бөлімінің қызметкерлері жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін жүргізушілермен және арнайы техника иелерімен алдын алу жұмыстарын жүргізеді.
Полицейлер жол қозғалысына қатысушыларға жиі жол берілетін ереже бұзушылықтарды еске салып, ЖКО-ның негізгі себептерін атап өтеді, сондай-ақ жүргізушілерге оқиғалардың алдын алу үшін қауіпсіздік шараларын түсіндіреді.
– Кезекті рейдтік іс-шара барысында 8 қыркүйекте Белоусовка ауылының маңында тәртіп сақшылары жүргізушісі орташа дәрежеде мас күйінде болған комбайнды тоқтатты. Ер адам үзіліс кезінде, түскі ас кезінде алкоголь ішкенін, содан кейін далада жұмысын жалғастырғанын айтты, – деді жергілікті полиция бастығы Қуандық Шахманов.
Ол сондай-ақ жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБК 608-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылғанын атап өтті. Сот ер адамды көлік жүргізу құқығынан айырды, сондай-ақ оған он бес тәулікке әкімшілік қамау тағайындалды.
Ағымдағы жылы Успен ауданының аумағында полиция қызметкерлері 20 жүргізушіні анықтады, олар өз өмірлерін ғана емес, жол қозғалысының басқа қатысушыларының қауіпсіздігін де қатерге тігіп, көлікті мас күйінде басқарды.