«Әйелім жол апатына ұшырады, оған шұғыл көмек қажет»: Балқашта ер адам танысын алдап кетті
Балқашта ер адам жол апатына түскен әйеліне көмек керек деп танысын алдап кетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
20 қыркүйекте 26 жастағы әйел Қарағанды облысы Балқаш қаласының полиция бөліміне хабарласқан. Ол белгілі бір азаматтың алаяқтық жолмен 15 мың теңгені иемденіп алғанын айтты.
Анықталғандай, әйелдің танысы 31 жастағы ер адам телефон шалып, әйелінің жол апатына ұшырағанын, оған шұғыл көмек қажет екенін айтқан. Оған сенген жәбірленуші ер адамға терминал арқылы 15 мың теңге аударған.
Екі күннен кейін жол апатына түсті деген әйелді көшеде кездейсоқ кездестіріп қалады. Сол кезде өзінің алданғанын түсінген әйел танысының алған ақшаны өз мақсатына жұмсағанын білген.
ҚР ҚК 190-бабы (Алаяқтық) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеу жүріп жатыр.