Алматы академиясында «Халық қаһарманы» Ғазиз Байтасовқа арналған ескерткіш тақта ашылды
Алматы академиясында «Халық қаһарманы» Ғазиз Байтасовқа арналған ескерткіш тақта ашылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Осыдан он жыл бұрын Тараз қаласында қарулы лаңкесті ұстау кезінде ерлікпен қаза тапқан полиция қызметкері Ғазиз Байтасовтың есімін ел есінде мәңгілікке сақтау мақсатында елімізде көптеген шаралар атқарылды. Батыр ұлға «Халық қаһарманы» атағы беріліп, жер-жерлерде Ғ. Байтасовқа арналған ескерткіш тақталар ашылды.
Бүгін аталған оқиғаның 10 жылдығына орай Мақан Есболатов атындағы Алматы академиясында «Халық қаһарманы» Ғазиз Байтасовқа арналған бұрыштама тақта (стенд) ашылып, оған батырдың жұбайы арнайы шақырылды.
Алматы академиясының бастығы Айдар Сайтбеков пен марқұмның жұбайы Гүлжамал Махамбетқызы бұрыштама тақтаны салтанатты түрде ашты.
Жаңа ашылған бұрыштамаға оркестр әуенімен гүл қою рәсімін өткізген соң, академия ғимаратында экскурсия ұйымдастырылып, клубта оқытушы-профессорлық құраммен, курсанттармен кездесу өткізілді. Ғазиз Байтасовтың ерлігі жайлы деректі фильм көрсетілді.