Алматыда көлік иелерінен 50 миллион теңгеден астам әкімшілік айыппұл өндірілді
Алматыда көлік иелерінен 50 миллион теңгеден астам әкімшілік айыппұл өндірілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қалада «Борышкер» жедел алдын-алу іс-шарасы аяқталды. Науқан барысында әкімшілік полиция, жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері, сондай-ақ прокуратура өкілдері мен жеке сот орындаушылары әкімшілік айыппұлдарды өндіріп алды.
– Екі күн ішінде атқарушы орган қызметкерлерімен бірге мемлекеттік бюджетке 50 миллионнан астам теңге жиналды. Айыппұлдары төленбеген 32 автокөлік мамандандырылған айыппұл тұрағына қойылды, 298 жүргізуші 35 миллион теңгеден астам сомаға әкімшілік айыппұлдар бойынша берешегі бар екендігі туралы хабарландырылды, сондай-ақ, бұрын жеке сот орындаушыларымен 71 миллионнан астам сомаға бұғат қойылған көліктер ұсталды, – деді Полиция департаменті Әкімшілік Полиция басқармасының бастығы Нұрлан Аманбек.
Мысалы, жалпы сомасы 600 мың теңгеден асатын әкімшілік айыппұлдар бойынша берешегі бар тұрғын анықталды. Қарызы толық өтелгенше оның көлігі де арнайы тұраққа қойылды. «Алиментчик» те ұсталды, оның қарызы 546 мың теңгені құрады, төлемеген адамның көлігі де айыппұл тұрағына қойылды.
Айыппұлдарды мәжбүрлеп өндіруді болдырмау үшін Полиция департаменті автокөлік иелеріне әкімшілік айыппұлды уақытында төлеуді ұсынады.