Шымкентте мас халде көлік басқарған 4 жүргізуші ұсталды
Шымкентте мас халде көлік басқарған жүргізушілер анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шымкент қаласы Полиция департаменті ЖПҚБ Патрульдік полиция полкінің қызметкерлері 7 қазанда жол үстінде спирттік ішімдік ішіп, мас халде көлік басқарған 4 жүргізушіні анықтаған.
Жүргізушілерге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, түсіндірме жұмыстары жүргізілген.
Мәселен, полицейлер қызмет атқару барысында күмән тудырған жүргізушіні байқап, тоқтауын сұраған. Алайда полицейлердің тоқтатқанына қарамастан, Nexia маркалы көліктің жүргізушісі бағынбауға тырысқан. Көлікті қуып жетіп, құжаттарын сұрағанда оның спирттік ішімдік ішіп алғандығы байқалған. Медициналық сараптама нәтижесінде жүргізуші «орта» дәрежеде мас халде екені анықталды.