ШҚО полицейлері он жыл бұрынғы кісі өлімін ашты
ШҚО полицейлері он жыл бұрынғы кісі өлімін ашты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
2008 жылдың сәуір айында «Аягөз- Қарағанды» тас жолының бойында 35 жастағы Аягөз ауданының тұрғынының мәйіті табылды. Осы аса ауыр қылмысты ашу бойынша алғашқы тергеу әрекеттері нәтиже бермегендіктен, қылмыскердің жеке басын анықтау мүмкін болмады.
Оған қарамастан, іздеу жұмыстары бір күнге де тоқтатылған жоқ. Осы жылдың қазан айында Полиция департаментінің қызметкерлері күдіктінің «ізіне» түсті. Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде тәртіп сақшылары Риддер қаласының 51 жастағы тұрғынын ұстады. Күдікті алдына жиналған дәлелдемелер мен айғақтарды ұсынғаннан кейін бірден осы қылмыстың жасағанын мойындады. Оның айтуынша, осы қылмысқа бару себебі, сүйіктісіне деген қызғанышы болған. Жәбірленуші сол кезде олармен бірге бір ортада демалған және күдіктінің ер адамына тым көп көңіл бөлген екен. Соңында, әйел адам жәбірленушіні пальтоның белбеуі арқылы өлтіргені анықталды.
ШҚО Полиция департаменті бастығының орынбасары Талғат Шаяхметовтың айтуынша:
– Күдікті сот санкциясымен қамауға алынды, оған қатысты сотқа дейінгі тергеу жалғасуда және егер ол кінәлі деп танылса, оған 20 жылға дейін жаза немесе өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.