Алматы жолдарында «шахмат ойнаған» Mercedes жүргізушілері жауапқа тартылды
Алматы жолдарында «шахмат ойнаған» Mercedes жүргізушілері жауапқа тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қауіпті жүргізу сәті құқық бұзушының бірінің бейнетіркеуішіне тіркелген. Бұл факт әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында анықталды.
– Тез арада тергеу жүргізу Патрульдік полиция полкінің қызметкерлеріне тапсырылды. Екі құқық бұзушы да анықталды. Бұл -18 жастағы Э.Нағиев және 19 жастағы Р.Қалжан есімді азаматтар. Екі жүргізушіге қатысты барлығы 21 әкімшілік хаттама толтырылды. Айыппұл сомасы 114 айлық есептік көрсеткішті құрап, жалпы сомасы 335 455 теңгені құраған. Мұндай фактілерге жол берілмейді. Олардың әрқайсысы міндетті түрде жауап беріп, жауапқа тартылатыны сөзсіз, – деді Алматы қалалық ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Манап Саттаров.
Атап айтқанда, ҚР ӘҚбК-нің 595-бабы 1-бөлігі (Маневр жасау ережелерін бұзу) – 15 әкімшілік хаттама. ҚР ӘҚбК-нің 601-бабы 1-бөлігі (Жол белгілерінде немесе жолдың жүру бөлігін белгілеуде көзделген талаптарды сақтамау) – 3 әкімшілік хаттама. ҚР ӘҚбК-нің 606-бабы 1-бөлігі (Жол қозғалысына қатысушының апаттық жағдай туғызуға әкеп соқтырған жол жүру ережесін бұзуы) – 3 әкімшілік хаттама.