Алматы полициясы Тәжікстаннан келген еңбек мигранттарын шекараға дейін шығарып салды
Алматы полициясы Тәжікстаннан келген еңбек мигранттарын шекараға дейін шығарып салды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Әңгіме Қазақстан Республикасының көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін сот шешімімен елден кетуге мәжбүр болған, бірақ бұл талаптарды елемеген Тәжікстанның 37 азаматы туралы болып отыр.
– Қазақстандағы Тәжікстан Республикасының консулдығының көмегімен Алматы Полиция департаменті құқық бұзушы шетелдіктерді Өзбекстанмен мемлекеттік шекараға дейін жеткізуді ұйымдастырды. Бұл үшін көп орындығы бар автобус бөлінді. Консулдық кейбір адамдарға отанына оралу туралы куәлік берген болатын. Бұл біздің бірінші тәжірибеміз емес, осыдан үш ай бұрын дипломатиялық қызметтермен бірлесіп Өзбекстан Республикасының 20-дан астам азаматын Отанына жеткізу ұйымдастырылған, – деді Алматы қалалық ПД Көші-қон қызметі басқармасының бастығы Асхат Бутунчинов.
Алматыда осы күндері заңсыз көші-қон арналарын, шетелдіктерді заңсыз жұмысқа орналастыру фактілерін анықтау мақсатында «Мигрант» жедел алдын алу іс-шарасы өтуде.
– Іс-шараның тоғыз күнінде көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 1 146 шетелдік әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 47 шетел азаматы елден шығарылды. Шетелдіктердің Қазақстан Республикасында болуының заңдылығын қамтамасыз ету шараларын қолданбағаны үшін қабылдаушы 355 тұлға жауапкершілікке тартылып, шетелдік жұмыс күшін тарту ережелерін бұзғаны үшін 28 жұмыс берушіге айыппұл салынды, – деп қорытындылады Бутунчинов.