Қарағандыда полицейден ақша бопсалаған екі күдікті ұсталды
Қарағандыда полицейден ақша бопсалаған екі күдікті ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағанды облысы ПД Өзіндік қауіпсіздік басқармасына полиция қызметкерінен хабарлама түсті. Полиция қызметкерінің түсіндіруінше, қызметтік көлікте жол ережесін бұзғаны туралы видеоны әлеуметтік желіде таратпағаны үшін белгісіз біреулер 150 мың теңге бопсалаған.
Аталған факт қылмыстық құқық бұзушылық белгілері көзделген, ҚР Қылмыстық кодексінің 194-бабы (Бопсалау) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіміне тіркелді.
Тергеу барысында арызданушыдан 150 мың теңге алған ер адам қылмыс үстінде ұсталды. Ұсталған күдікті жоғарыда аталған қылмыстық құқық бұзушылықты істеуге өзінің танысы себепкер болғанын мойындады. Екінші күдікті 70 мың теңгені алып жатқан кезде ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Ұсталған адам бірнеше рет жол-көлік оқиғасы кезінде тәртіп сақшыларын арандатып, қызметкерлердің тікелей қызметтік міндеттерін орындауына, оқиға орнында жүргізілетін іс-шараларға кедергі келтіргені анықталды.
Қазіргі уақытта іс бойынша қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде, оның қорытындысы бойынша тиісті процессуалдық шешім қабылданатын болады.