Алматыда екі ер адам базардан күртешелерді ұрлап кетті
Алматыда екі ер адам базардағы витринадан күртешелерді ұрлап кетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция басқармасына жеке кәсіпкер ұрлық туралы арызбен жүгінген. Келтірілген шығынның жалпы сомасы 110 мың теңгені құрады.
– Оқиға орнына жеткен жедел-тергеу тобы жабық базарда орналасқан бутиктен екі қысқы күртешенің ұрланғанын анықтады. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдіктілердің жеке басы анықталды. Олардың заңсыз әрекеттері бейнебақылау камераларына түсіп қалған. Ұсталғандардың екеуі де 30 жаста. Олардың біреуі бұрын сотты болған. Қылмыстық іс ҚР ҚК-нің 188-бабы бойынша тергелуде. Ұрланған заттар иесіне қайтарылды, – деді Алматы қалалық ПД Криминалдық Полиция басқармасының бастығы Қуатбек Науатов.