Алматы полициясы металл қабылдау пункттерін тексеруде
Алматы полициясы металл қабылдау пункттерін тексеруде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мақсат – қылмыстық жолмен алынған металды жеткізу фактілерін анықтау.
– Осындай металл қабылдау пункттерінің иелеріне ұрланған мүлікті сатып алғаны үшін қылмыстық жауапкершілік бар екендігі туралы тағы да ескертеміз. Біз оларды шынайы шығу тегі күмәнді өнімді қабылдамауға шақырамыз. Әдетте, сұраныс ұсынысты тудырады. Олардың бұл мәселедегі принципті ұстанымы ұрлық фактілерін барынша азайтуға мүмкіндік береді , мысалы, кәріз қақпақтары, суару арықтары, автокөліктердің аккумуляторлары және т.б, – деді Түрксіб аудандық Полиция басқармасының бастығы Еркін Амантаев.
Баяндамашы аудан аумағында учаскелік полиция қызметкерлері тұрақты негізде заңсыз металл қабылдау пункттерінің қызметін, сондай-ақ, металл айналымы саласындағы өзге де заңбұзушылықтарды анықтауға және жолын кесуге бағытталған жедел-алдын-алу іс-шараларын жүргізіп жатқанын атап өтті.
– Рейдтік іс-шаралар барысында инспекторлар металл сынықтарын қабылдау пункттерінде ҚР заңнамасы талаптарының орындалу сәйкестігін тексереді, сондай-ақ, металл қабылдау пункттерінде ұрлықтан кейін қылмыскерлер тапсырған ұрланған заттардың бар-жоғын анықтайды. Құрметті азаматтар, осындай қылмыстар мен құқық бұзушылықтарды жасаған тұлғалар туралы ақпаратты полицияға 102 телефоны арқылы хабарлауыңызға болады, – деді Е.Амантаев.