Павлодарда көлікті масаң күйде айдаған ресейлік анықталды
Павлодарда көлікті масаң күйде айдаған ресейлік анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
– Сағат 00.30 шамасында Павлодар қаласындағы Естай-Нұркин көшелерінің қиылысында патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Audi-С4 автокөлігінің 27 жастағы жүргізушісін ұстады. Құжаттарды тексеру кезінде жүргізушінің көлік құралын мас күйінде басқарғаны анықталды. Мас болу дәрежесін өткізілген куәландыру да растады. Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және жүргізушіге қатысты мас күйдегі адамның көлік құралын басқарғаны үшін тексеру басталды. Автокөлік арнайы айып тұрағына қойылды, – деді Павлодар қаласы патрульдік полиция батальонының командирі Ренат Шәріпов.
Тәртіп сақшысы 27 жастағы жүргізуші Ресей Федерациясының азаматы екенін, сонымен қатар бұрын 2028 жылға дейін жүргізуші куәлігінен айырылғанын атап өтті.Сол күні сағат 04.40-та Баймолдин көшесіндегі 9-үйдің ауласында полиция Nissan маркалы көлікті тоқтатты, ондағы 25 жастағы жүргізуші 2022 жылдың 8 маусымына дейін көлік құралын басқару құқығынан айырылғаны, сонымен қоса мас күйінде болғаны анықталды. Бұл жүргізушіге қатысты тексеру басталды. Автокөлік арнайы айып тұрағына қамалды.