«Жүргізуші куәлігін алып беремін»: түркістандық жігіт алаяққа алданып қалды
Түркістан облысында «жүргізуші куәлігін алып беремін» деп тұрғынды алдаған алаяқ ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Келес аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын алаяқтың құрбаны болғаны жөнінде шағым түсірді. Жәбірленуші жігіттің айтуынша, оған сырттай танысы «жүргізуші куәлігін алып беремін» деп алдап кеткен. 2021 жылы тамыз айында көлік басқаруға қажетті құжатты алу үшін, тұрғын 150 мың теңге береді. Екі айда жүргізуші куәлігі қолыңда болады дегенмен, алаяқ уәдесін орындамайды. Тәртіп сақшылары аталған жайтты ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркеп, жедел іздестіру шараларына кірісті.
Осы оқиғаға байланысты полиция қызметкерлерінен жедел-тергеу тобы құрылып, істің ақ-қарасын ажыратуға кірісті. Нәтижесінде осы жайтқа қатысты жергілікті тұрғын ұсталды. Жұмыссыз жігіт, оңай жолмен пайда табу мақсатында жәбірленуші алдап, аз уақыт ішінде жүргізуші куәлігін жасап беру үшін алған ақшаны өз қажеттілігіне жұмсаған. Қазіргі таңда сотқа дейінге тергеу амалдары жүргізілуде.
Өз кезегінде, Түркістан облысының полицейлері азаматтарға қырағы болу туралы ескертеді. Осындай жағдайлардың алдын алу үшін күмәнді қызмет көрсетуге уәде берген бейтаныс адамдарға сенбеуге кеңес береді. Тәртіп сақшылары түрлі алаяқтардың айла-амалдарына тап болмас үшін құжаттарды заңмен рәсімдеу мәселелерін шешуді қатаң ескертеді. Егер сіз алаяқтықтың болмаса басқа қылмыстардың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, онда «102» телефоны бойынша полицияға хабарласыңыз.