Маңғыстау облысында табиғатты қорғау заңнамасын бұзған 48 құқық бұзушылық анықталды
Маңғыстау облысы аумағында 20 қазаннан бастап республикалық «Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Күні бүгінге дейін табиғатты қорғау заңнамасын бұзған 48 құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде сегіз қылмыстық және 40 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген.
Нақты айтқанда, ҚР ҚК-нің 339-бабымен (Өсімдіктердің немесе жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу) бойынша алты қылмыс тіркелсе, ҚР ҚК-нің 287-бабымен (Қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды және жарылыс құралғыларын заңсыз иемдену, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) бойынша екі қылмыс тіркелді.
ҚР ӘҚБтК-нің 382-бабы (Жануарлар дүниесiн пайдалану талаптарын және аң аулау қағидаларын бұзу) бойынша 30 әкімшілік құқық бұзушылық, ҚР ӘҚБтК-нің 383-бабы (Балық аулау және балық ресурстары мен басқа да су жануарларын қорғау қағидаларын бұзу) бойынша бес құқық бұзушылық және ҚР ӘҚБтК-нің 484-бабымен (Азаматтық, қызметтік, марапаттық, коллекциялық қаруды, оның патрондарын иелену, беру, есепке алу, сақтау, пайдалану, тасымалдау, Қазақстан Республикасының аумағына әкелу, ҚР аумағынан әкету және ҚР аумағы арқылы транзитпен өткізу тәртібін бұзу) бес құқық бұзушылық анықталды.
«Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасы қараша айының 19-на дейін жалғасын таппақ.