Екібастұзда BMW жүргізушісі мас күйінде ұсталды
Екібастұзда BMW жүргізушісі мас күйінде ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
20 қарашада сағат 01.45 шамасында полиция қызметкерлері Екібастұз қаласының М.Әуезов көшесін патрульдеу кезінде BMW-518 маркалы автокөлікті тоқтатты.
– Құжаттарды тексеру кезінде жүргізушіден алкогольдің өткір иісі шықты. Куәландіру 24 жастағы жүргізушінің мас күйінде екенін растады. Жас жігіт қонақта болып, алкоголь ішкенін түсіндірді. «Жақын маңда тұрамын, бұдан ештеңе болмас» деген ойда болған, – деді Павлодар облысы Екібастұз қалалық Полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Қайыржан Шакарғалиев.
Жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы бойынша әкімшілік іс қозғалды, материал сотқа жолданды.
– Мас күйінде көлік жүргізу – бұл автокөлікпен қаруланған қылмыскер. Өйткені автомобиль жоғары қауіптің көзі болып табылады, – деп атап өтті полиция.
Айта кету керек, биыл Екібастұз өңірінде 129 ЖКО орын алды, соның нәтижесінде 11 адам қаза тапты, 203 адам дене жарақатын алды. Көлікті мас күйінде басқарған 282 жүргізуші ұсталды, олар сот шешімімен жүргізуші куәлігінен айырылып, әкімшілік қамауға алынды.