Жамбылдық полицейлер жол ережелері бойынша дәріс өткізді
Жамбылдық полицейлер жол ережелері бойынша дәріс өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жасөспірімдер арасында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ЖҚЕ сақтауға қатысты Полиция департаменті басшылығының нұсқауы негізінде 23 қарашада Жамбыл облысының Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының жол және техникалық инспекция бөлімінің қызметкерлері Тараз сервис және технология колледжінде «Қазақстан Республикасының жол қозғалысы ережелерін білу – әркімнің міндеті» тақырыбында сабақ өткізді.
Полицейлер студенттерді жол-көлік оқиғаларының статистикасымен таныстырып, жол-көлік оқиғаларының негізгі себептерін түсіндірді. Сондай-ақ, олар оқушыларға жолдарда, жаяу жүргіншілер өткелдерінде және қоғамдық көлікте өзін қалай дұрыс ұстау керектігі, автомобильдерде қауіпсіздік белдіктерін тағу қажеттілігі туралы айтып, велосипедпен жүру ережелерін де еске салды.
Полиция қызметкерлері жол белгілерінің негізгі топтарын атап өтіп, киімге жарық шағылыстырғыш элементтерді қолданудың маңыздылығын түсіндірді, өйткені тәуліктің қараңғы мезгілінде жүргізушілерге қара киімде жаяу жүргіншілерді көру қиынға соғады.
Сонымен қатар студенттерге жол қозғалысы қауіпсіздігі бойынша бейнероликтер көрсетілді, ҚР ЖҚЕ сақтау бойынша жадынамалар мен бүктемелер таратылды. Дәріс соңында студенттер полицейлерге өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, оларға толыққанды жауап алды.