Абай облысы бойынша ҚАЖ департаментінде бірқатар қызметкер марапатталды
Абай облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінде Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күніне орай салтанатты іс-шара ұйымдастырылды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шара Қазақстан Республикасының мемлекеттік туын көтеру және мемлекеттік Әнұранды орындау рәсімімен басталып, жиынға ерекше маңыз бен патриоттық рух сыйлады.
Мерекелік жиында департамент бастығының міндетін атқарушы Тлеуберген Конекбаев жеке құрам мен қонақтарды құттықтап, қос мерекенің мән-маңызына тоқталды. Ол өз сөзінде қызметкерлердің адал еңбегі мен жауапкершілігін жоғары бағалап, алғыс білдірді.
– 7 мамыр мен 9 мамыр — халқымыздың ерлігі мен қайсарлығын, ұлы жеңіс жолындағы жанқиярлық еңбегін еске салатын айрықша күндер. Бүгінде қылмыстық-атқару жүйесінің қызметкерлері осы игі дәстүрді лайықты жалғастырып, өз міндеттерін абыроймен атқаруда. Әрқайсыңызға жауапкершілік, тәртіп және мамандыққа адалдық үшін алғыс айтамын. Бұл мерекелер баршамызға жаңа күш-қуат пен шабыт берсін, – деді Тлеуберген Конекбаев.
Іс-шараға ведомствоның дамуына елеулі үлес қосқан және жас қызметкерлерді тәрбиелеуде маңызды рөл атқарған ҚАЖ ардагерлері қатысты.
Бүгінде Абай облысы бойынша ҚАЖ департаменті мен оған қарасты мекемелерде 400-ден астам қызметкер қызмет атқарып, жазаларды орындау мен белгіленген тәртіпті қамтамасыз ету бағытындағы міндеттерді жүзеге асыруда.
Салтанатты жиын барысында марапаттау рәсімі өтті. Ішкі істер министрінің бұйрығымен бірқатар қызметкерлер “Қылмыстық-атқару жүйесінің дамуына қосқан үлесі үшін” медалімен, “Ішкі істер органдарының үздігі” төсбелгісімен, сондай-ақ грамоталармен, алғыс хаттармен марапатталды.
– Біз үшін, ардагерлер үшін, қызмет дәстүрінің жалғасып жатқанын көру – үлкен мақтаныш. Жас қызметкерлердің өз міндетін адал атқарып, антқа берік екенін байқау қуантады. Отанға қызмет ету мен ерлік рухы әрдайым келер ұрпаққа үлгі болсын, – деді Абай облысы бойынша ҚАЖ ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұратқазы Ахметжанов.
Іс-шара мерекелік концерттік бағдарламамен қорытындыланды. ҚАЖ қызметкерлері патриоттық рухтағы шығармашылық нөмірлер ұсынып, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Қатысушылар ұйымдастырушыларға алғыс білдіріп, мұндай кездесулердің ұжымдық бірлікті нығайтуда, патриоттық тәрбие беруде және ұрпақтар сабақтастығын сақтауда маңызы зор екенін атап өтті. Сонымен қатар қызметкерлер мен ардагерлерге бейбітшілік, амандық және қызметте табыс тіледі.
