Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысы бойынша ҚАЖ мекемесінде 30-дан астам сотталған әйел диплом алды

Абай облысы бойынша ҚАЖ мекемесінде 30-дан астам сотталған әйел орта арнаулы білім туралы диплом алды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Абай облысы бойынша ҚАЖ әйелдер мекемесінде технологиялық колледж түлектеріне диплом тапсырудың салтанатты рәсімі өтті. 30-дан астам сотталған әйел оқуын сәтті аяқтап, орта арнаулы білім туралы диплом алды.

Оқуды 24 пен 57 жас аралығындағы сотталғандар өтті. Олар еңбек нарығында сұранысқа ие тігінші және аспаз мамандықтарын меңгерді. Оқу жылы барысында тыңдаушылар теориялық пәндерді оқып қана қоймай, босатылғаннан кейін табысты жұмысқа орналасып, өз бетінше өмір бастауға көмектесетін тәжірибелік дағдыларды да игерді.

Іс-шараның ерекше сәті тігінші мамандығында оқыған түлектердің жұмыстарының көрмесі болды. Қонақтарға оқу барысында өз қолдарымен жасаған бұйымдары ұсынылды. Әрбір жұмыс меңгерілген шеберліктің, шығармашылық көзқарастың және таңдаған мамандыққа деген жауапкершіліктің дәлелі болды.

— Кәсіптік білім сотталғандарға жаңа мүмкіндіктер ашады. Біздің міндетіміз — адам бостандыққа шыққанда өзін және отбасын адал еңбекпен қамтамасыз ете алатындай жағдай жасау. Алған мамандық табысты жұмысқа орналасу мүмкіндігін арттырады, әлеуметтік бейімделуге ықпал етеді және құқық бұзушылықты қайта жасау қаупін төмендетеді. ҚАЖ мекемелерінде кәсіптік білім алу сотталғандарды қайта әлеуметтендіру үдерісінің маңызды бөлігі болып табылады. Сұранысқа ие мамандықтарды меңгеру олардың бостандыққа шыққаннан кейін еркін өмірге тезірек бейімделуіне, жұмыс табуына және заңға бағынатын өмір салты негізінде өз болашағын құруына мүмкіндік береді, — деп атап өтті мекеме бастығының орынбасары Анар Сабиева.

— Мен 57 жастамын. Ұзақ уақыт бойы өз іс-әрекетімнің салдары туралы ойланбай өмір сүрдім. Менің ұлым, қызым және сүйікті немерелерім бар, бірақ дәл осы жерге келгенде ғана отбасының, бостандықтың және адал еңбектің қадірін шын мәнінде түсіндім. Жуырда бостандыққа шығамын. Жұмыс істегім келеді, өз еңбегіммен табыс тауып, немерелерімді сыйлықтармен қуантып, олар мақтан тұтатын әже болғым келеді. Осында алған тігінші мамандығы мен үшін жаңа өмірге бастар алғашқы қадам болатынына сенімдімін, — деп бөлісті сотталған әйел.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру