Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысы бойынша ҚАЖД-да ардагер Әділет Рахымжановты еске алуға арналған шағын футболдан турнир өтті

Абай облысы бойынша ҚАЖД-да ардагер Әділет Рахымжановты еске алуға арналған шағын футболдан турнир өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Абай облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінде ҚАЖ ардагері Әділет Рахымжановты еске алуға арналған шағын футболдан турнир өтті. Спорттық іс-шара ҚАЖ қызметкерлерін, ардагерлерін және өмірін заңға қызмет етуге арнаған азаматтың туған-туыстарын бір арнаға тоғыстырды.

Әділет Рахымжанов ҚАЖ органдарындағы еңбек жолын 2001 жылы Шығыс Қазақстан облысы бойынша ҚАЖ комитетінің ОВ-156/18 мекемесінде сотталғандар арасында тәрбие жұмысы бөлімінің жасақ бастығы қызметінен бастады. Мінсіз қызметінің барысында әртүрлі басшылық лауазымдарда еңбек етіп, 2016 жылы Шығыс Қазақстан облысы бойынша ҚАЖ департаментінің ОВ-156/16 мекемесінің бастығы болып тағайындалды. 2020 жылы зейнеткерлік демалысқа шығып, 2021 жылы өмірден өтті. Ол өзінен кейін принципшіл басшы, дана тәлімгер және жоғары адамгершілік қасиеттерге ие тұлға ретінде жарқын із қалдырды.

Бүгінде әкесінің жолын ұлы Азамат Мұсратов жалғастыруда. Ол кезінде әкесі басшылық еткен сол мекемеде бақылау қызметі бөлімінің бақылаушысы лауазымында қызмет атқарады. Бұл – ұрпақтар сабақтастығы мен таңдалған мамандыққа деген адалдықтың жарқын көрінісі.

Турнирге Абай облысы бойынша ҚАЖ департаментінің, пробация қызметінің, сондай-ақ №19, №20 және №21 мекемелерінің командалары қатысып, барлығы бес команда бақ сынады.

Іс-шараның құрметті қонақтары қатарында Әділет Мұсратұлының анасы, жұбайы Жазира Рахымжанова, әпкесі, туған-туыстары, ҚАЖ ардагерлері мен мекеме қызметкерлері болды.

Жарыс қорытындысы бойынша бірінші орынды Абай облысы бойынша ҚАЖ департаментінің командасы иеленді. Екінші орынға №20 мекеменің командасы тұрақтаса, үшінші орынды №19 мекеменің командасы жеңіп алды.

– Біздің отбасымыз үшін Әділет Мұсратұлының жарқын бейнесі әріптестері мен достарының жүрегінде сақталып келе жатқанын көру – үлкен мәртебе. Ол қызметіне әрдайым жан-тәнімен беріліп, ұжымына жанашырлықпен қарап, қызметті өзінің өмірлік миссиясы деп білді. Оның есімін ұлықтап, отбасымызға көрсеткен құрметі үшін ҚАЖ басшылығы мен қызметкерлеріне шынайы алғысымды білдіремін. Бұл біз үшін өте қымбат, – деді Жазира Рахымжанова.

– Әділет Мұсратұлы жоғары кәсібилігімен, әділдігімен және қызметіне деген шынайы адалдығымен ерекшеленген басшы болды. Ол көптеген қызметкерлерге тәлім беріп, ҚАЖ жүйесінің тарихында өзіндік із қалдырды. Осындай турнирлер қызметімен саланың беделін арттырған азаматтардың жарқын бейнесін сақтауға, жас қызметкерлердің бойында мамандыққа деген құрметті, ұрпақтар сабақтастығы мен командалық рухты қалыптастыруға ықпал етеді. Бұл турнир тек спорттық жарыс қана емес, сонымен қатар ҚАЖ ардагерлеріне деген құрметтің, олардың адал қызметі мен кәсібилігінің және адамгершілік қасиеттерінің бүгінгі буын қызметкерлеріне үлгі екенін айқын көрсететін тағылымды іс-шара болды, – деп атап өтті мекеме бастығының міндетін атқарушы Рүстем Берлібеков

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру