Абай облысы бойынша ҚАЖД мекемесінде сотталғандар арасында футболдан киберспорттық турнир өтті
Абай облысы ҚАЖ-дың орташа қауіпсіздік мекемесінде сотталғандар арасында футболдан киберспорттық турнир өтті, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысы қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде сотталғандар арасында PlayStation ойын приставкаларын пайдалану арқылы виртуалды футболдан киберспорттық турнир ұйымдастырылды.
Іс-шара дене шынықтыру мен спортты дамыту, сотталғандардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, олардың әлеуметтік белсенділігін арттыру, сондай-ақ киберспорттың заманауи даму үрдістерін ескеру мақсатында өткізілді.
Жарысқа 20-дан астам сотталған қатысты.
Қатысушылар ойын шеберліктерін, командада жұмыс істей білу қабілеттерін, белгіленген ережелерді сақтау, сабырлылық таныту және қарсыластарына құрмет көрсету дағдыларын көрсетті.
Киберспорттық жарыстар бос уақытты мазмұнды өткізудің бір түрі ғана емес, сонымен қатар қарым-қатынас дағдыларын, өзін-өзі тәртіпке бағындыру мен жауапкершілікті дамыту алаңына айналды. Ойын барысында қатысушылар шектеулі уақыт жағдайында шешім қабылдауды, эмоцияларын бақылауды және бір-бірімен сындарлы қарым-қатынас орнатуды үйренді.
Іс-шараны өткізу кезінде режим талаптарын, ақпараттық және киберқауіпсіздік шараларын сақтауға ерекше назар аударылды. Ойын жабдықтары мен бағдарламалық қамтамасыз ету мекеменің жауапты қызметкерлерімен алдын ала тексеріліп, қатысушылардың іс-әрекеттеріне тұрақты бақылау жүргізілді.
– Біз үшін мұндай іс-шаралар бос уақытымызды пайдалы өткізуге, күнделікті күйбең тіршіліктен бір сәтке сергіп, өз қабілетімізді көрсетуге мүмкіндік береді. Ойын барысында жеңіске ұмтылу ғана емес, ережелерді сақтау, қарсыласты құрметтеу, эмоцияны бақылау және командада жұмыс істей білу де маңызды. Осындай жарыстар жағымды көңіл күйді сақтауға және тыныш әрі достық атмосферада қарым-қатынас жасауға мүмкіндік береді, – деп өз әсерімен бөлісті сотталғандардың бірі.
– Бос уақытты ұйымдастырудың заманауи түрлері сотталғандардың уақытын тиімді пайдалануға және әлеуметтік маңызы бар дағдыларын дамытуға жағдай жасауға ықпал етеді. Мұндай іс-шаралар қатысушылардың қызығушылықтары мен қабілеттерін анықтауға, олардың бастамашылдығын қолдауға және өз мінез-құлқына жауапкершілікпен қарауын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Бүгінде киберспорт әлемде кеңінен танылып, қарқынды дамып келе жатқан бағыттардың бірі болып табылады. Біз үшін сотталғандардың әлеуметтік белсенділігі мен пайдалы жұмыспен қамтылуына ықпал ететін бос уақытты ұйымдастырудың заманауи түрлерін пайдалану маңызды. Осындай жарыстар қатысушылардың командалық жұмыс дағдыларын, тәртіптілігін, жауапкершілігін және өз эмоцияларын бақылау қабілетін дамытуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл өзара сындарлы қарым-қатынас орнатуға қолайлы орта қалыптастырудың бір жолы. Бұл ретте мұндай іс-шаралар тек режим талаптары, ақпараттық және киберқауіпсіздік шаралары қатаң сақталған жағдайда ғана өткізіледі, – деп атап өтті мекеме бастығының орынбасары Нурболат Сапаргалиев
