Абай облысы бойынша ҚАЖД мекемесіндегі тігін цехында 10-нан астам сотталған жұмыс істейді
Абай облысы бойынша ҚАЖ департаментінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде сотталғандар медициналық халаттар мен арнайы киімдер тігуде, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысы бойынша ҚАЖ департаментінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде сотталғандар жаңа кәсіби дағдыларды меңгеріп, медициналық халаттар мен алтын өндіру кәсіпорындарында жұмыс істейтін қызметкерлерге арналған арнайы киімдер тігуде.
Қазіргі уақытта тігін цехында оннан астам сотталған еңбек етуде. Алдағы уақытта жұмыс орындарының санын 20-ға дейін ұлғайту жоспарлануда. Цехта аптасына шамамен 200 медициналық халат және 100-ге жуық арнайы киім жиынтығы тігіледі.
Сотталғандардың еңбегіне ақы төлеу орындалған жұмыстың көлеміне тікелей байланысты, яғни кесімді түрде жүзеге асырылады. Еңбек нәтижесінде тапқан қаражаты сот шешімімен белгіленген талап-арыздық міндеттемелерді өтеуге, сондай-ақ отбасы мүшелері мен жақындарына материалдық көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
- Мен 33 жастамын. Тігін цехында бір айдан астам уақыттан бері жұмыс істеп келемін. Бұл жұмыс маған ұнайды, осы уақыт ішінде көп нәрсе үйрендім. Үш жыл бұрын ұрлық жасағаным үшін бес жылға бас бостандығымнан айырылдым. Үйде мені әйелім мен үш балам күтіп отыр. Мен үшін осында жүріп адал еңбек етіп, жалақы алып, отбасыма көмектесу мүмкіндігінің болғаны маңызды. Мұнда алған кәсіби дағдыларымды бостандыққа шыққаннан кейін де пайдаланғым келеді, — деді сотталған.
- Бүгінде мекемеде төрт жеке кәсіпкерлік және екі жауапкершілігі шектеулі серіктестік жұмыс істейді. Сотталғандар ағаш өңдеу, тігін және жиһаз цехтарында, сондай-ақ сусындар мен шаруашылық сабынын өндіретін цехтарда еңбек етеді. Біз өндірістік қызметті дамытып, сотталғандар үшін мүмкіндігінше көп жұмыс орындарын ашуға ұмтылып отырмыз. Еңбек ету оларға кәсіби дағдыларды меңгеруге, тұрақты табыс табуға, қолданыстағы міндеттемелерін өтеуге және отбасыларына материалдық қолдау көрсетуге мүмкіндік береді. Ең бастысы, жазасын өтеу кезінде алған білімі мен дағдылары олардың бостандыққа шыққаннан кейін қоғамға сәтті бейімделуіне ықпал етуі қажет, — деп атап өтті сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру бөлімінің бастығы Еркин Исабеков.
