Ақмола облысында сотталғандарға қоғам қайраткерімен кездесу ұйымдастырылды
Ақмола облысы бойынша ҚАЖД мекемесінде сотталғандарға қоғам қайраткерімен кездесу ұйымдастырылды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақмола облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №1 мекемесіне Қазақстан Республикасының Ізгі ниет елшісі, “Құрмет” және “Достық” мемлекеттік ордендерінің кавалері, Гиннестің рекордтар кітабының бірнеше дүркін әлемдік рекордшысы, Туризм және спорт министрлігінің ресми амбассадоры, қоғам қайраткері, актер әрі меценат Сергей Цырульников барды.
Кездесу барысында Сергей Валерьевич мекеме қызметкерлері мен сотталғандармен ашық форматта, “сұрақ-жауап” түрінде әңгіме өткізді. Кездесуге қатысушылар спорт, өмір жолы, мақсатқа жету, жігерлілік және қиындықтарды еңсеру тақырыптарында өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды.
Сергей Валерьевич сотталғандарға арнайы ақыл-кеңес айтып, өз-өзімен жұмыс істеудің, жасаған әрекеттеріне жауапкершілікпен қараудың, оң өзгерістерге ұмтылудың және өз күшіне сенудің маңыздылығын атап өтті.
Сондай-ақ қонақ өзінің ерекше физикалық мүмкіндіктерін көрсетіп, күш жаттығуларын орындады. Кездесуге қатысушылар көрсетілген жаттығуларды тамашалап қана қоймай, Сергей Валерьевичтің жетекшілігімен олардың кейбірін өздері де орындап көруге мүмкіндік алды.
Кездесу жылы әрі шынайы атмосферада өтті. Еркін форматтағы әңгіме, Сергей Цырульниковтың жеке үлгісі мен шынайы ақыл-кеңестері қатысушыларға өздерін дамытуға, физикалық және рухани қасиеттерін жетілдіруге, сондай-ақ өмірде дұрыс жол таңдауға қосымша мотивация берді.
