Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысында полицейлер лагерьде балаларға қауіпсіздік сабағын өткізді

Абай облысында полицейлер "Тарбағатай" лагеріндегі 60-қа жуық балаға қауіпсіздік сабағын өткізді, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыру, қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыру және құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында Үржар аудандық полиция бөлімі қызметкерлері “Тарбағатай” ойын-сауық лагерінде арнайы қауіпсіздік сабағын өткізді.

Тәртіп сақшыларымен өткен тағылымды кездесуге 60-қа жуық бала қатысты. Еркін форматта ұйымдастырылған іс-шара барысында жасөспірімдерге заң талаптары түсіндіріліп, күнделікті өмірде кездесуі мүмкін түрлі жағдайларда дұрыс шешім қабылдаудың маңызы айтылды.

Полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіпті сақтау, жол қозғалысы қауіпсіздігі ережелерін орындау, буллинг пен әлімжеттілікке жол бермеу, бөтеннің мүлкіне қол сұқпау мәселелеріне ерекше тоқталды. Сондай-ақ кешкі уақытта заңды өкілдерінсіз жүруге қатысты талаптар және кәмелетке толмағандардың құқық бұзушылық жасаған жағдайда заң алдында жауапкершілікке тартылуы мүмкін екені түсіндірілді.

Кездесу барысында балалар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, полиция қызметкерлерімен ашық пікір алмасты.

— Егер досым біреуді мазақтап, оған қысым көрсетіп жатса, мен не істегенім дұрыс? – деп сұрады лагерь тәрбиеленушілерінің бірі.

— Ең алдымен, мұндай жағдайға бейжай қарамау керек. Досыңды тоқтатуға тырыс. Егер жағдай күрделене түссе, тәрбиешіге, ата-анаңа немесе полиция қызметкеріне хабарла. Біреуді қорлау – жай ғана әзіл емес, оның салдары ауыр болуы мүмкін, – деп жауап берді полицей.

— Егер кешкі уақытта достарымызбен бірге жүрсек, заң талаптарын қалай сақтауымыз керек?

— Қауіпсіздік пен тәртіпті әрдайым бірінші орынға қойған жөн. Заңда кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз жүруіне қатысты нақты талаптар бар. Сондықтан белгіленген уақытты сақтап, ата-аналарыңмен немесе заңды өкілдеріңмен байланыста болғандарың дұрыс, – деп түсіндірді полиция қызметкері.

Полиция өкілі  жасөспірімдерге заңды білу – тек жауапкершіліктен қорғану емес, өз құқығыңды және айналаңдағы адамдардың құқығын құрметтеу екенін атап өтті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру