Абай облысында "Құқықтық тәртіп" іс-шарасы қорытындыланды
Абай облысында "Құқықтық тәртіп" ЖПІШ өткізіліп жатыр, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысының аумағында 27-29 сәуір аралығында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында республикалық "Құқықтық тәртіп" жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті.
Іс-шара аясында полицияның барлық күштері жұмылдырылып, гарнизондық таралым ұйымдастырылды. Таралымды облыстық полиция департаментінің бастығы Эльдар Данияров өткізіп, өзі де қызметтік іс-шараларға қатысып, ішкі істер органдарында есепте тұрған тұлғаларды тексерді.

Эльдар Данияровтың айтуынша, негізгі мақсат – құқық бұзушылықтың алдын алу және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Іс-шара барысында есепте тұрған азаматтар, азаматтық қару иелері тексерілуде. Сонымен қатар саяжайлар, құрылыс нысандары, жалға берілетін үйлер, базарлар мен жастар көп шоғырланатын орындар ерекше бақылауға алынды.
Кешкі және түнгі уақытта патрульдік полиция жұмысы күшейтіліп, күдікті көліктер мен азаматтар тексерілуде. Сондай-ақ заңсыз қару сақтау, құқық бұзушылықтардың алдын алу және жол-көлік оқиғаларын болдырмау бағытында шаралар атқарылуда.

Полиция "Қорғау" ақпараттық жүйесі арқылы құқық бұзушыларды анықтау жұмыстарын да жалғастыруда. Департамент тұрғындарды заң талаптарын сақтауға және қоғамдық тәртіпке жауапкершілікпен қарауға шақырды.
