Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысында сотталған ата-анасына арнап ұлы ақынның портретін салды

Абай облысында сотталған ата-анасына арнап Абайдың портретін салды, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Абай облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты орташа қауіпсіздік мекемесінде сотталғандар ұлы ақын, ағартушы Абай Құнанбайұлының мұрасын насихаттауға арналған іс-шараларға қатысуда.

Алаяқтық қылмысы үшін жазасын өтеп жатқан 45 жастағы сотталған шығармашылық бастамалардың біріне қатысып, өз қолымен Абайдың портретін салып шықты. Ол бұл туындысын ата-анасына сыйлауды ұйғарған.

Сотталғанның айтуынша, жазасын өтеу кезеңінде кітап оның сенімді серігіне айналған. Әсіресе, Абай Құнанбайұлының шығармалары оның өмірінде ерекше орын алған. Ақынның өлеңдері мен қара сөздерін оқи отырып, ол өз іс-әрекеттеріне басқаша көзқараспен қарап, өмірлік құндылықтар, адалдық және жақын адамдарға деген қарым-қатынас туралы терең ой түйген.

– Абайдың шығармаларын оқыған сайын көп нәрсені ой елегінен өткізесің. Оның сөздері адал болуға, ата-анаңды қадірлеуге және өз ісіңе жауапкершілікпен қарауға үйретеді. Мен ата-анам туралы жиі ойлаймын. Қазір олардың жасы 75-те болса да, осы бес жыл бойы маған қолдау көрсетіп, кездесулерге келіп, сенім артып келеді. Өз қателігіммен оларға ауыртпалық түсіргенім үшін өкінемін. Абай күні қарсаңында ата-анама сыйлық жасап, осы портретті салдым. Бұл мен үшін жай ғана сурет емес, ата-анама деген сүйіспеншілігімнің, құрметімнің және алғысымның белгісі. Олар менің қателігімді түсініп, өзгергенімді және оны енді қайталамайтыныма көз жеткізсе деймін, – деді сотталған.

– Осындай іс-шаралар сотталғандардың өз әрекеттеріне ой жүгіртіп, рухани тұрғыдан дамуына ықпал етеді. Шығармашылықпен айналысу және ұлттық мәдени мұраға жақындау адамға өмірін қайта бағамдауға мүмкіндік береді. Абайдың шығармалары жақсылыққа, адалдыққа, адамдарды құрметтеуге және жауапкершілікке тәрбиелейді. Мұндай іс-шаралар сотталғандардың қабілеттерін ашуға, дұрыс қорытынды жасауына және қоғамға қайта бейімделуіне оң әсерін тигізеді, – деді сотталғандар арасында тәрбие және әлеуметтік-психологиялық жұмыс бөлімінің бастығы Максат Серикханов.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру