Абай облысында сотталғандар дайындаған өнімдердің жәрмеңкесі өтті
Абай облысында қауіпсіздігі барынша жоғары және орташа мекемелерде сотталғандар дайындаған бұйымдар жәрмеңкесі өтті, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысында қауіпсіздігі барынша жоғары және орташа мекемелерде жазасын өтеушілер дайындаған бұйымдар жәрмеңкесі өтті. Іс-шара жазасын өтеушілердің еңбек қызметінің нәтижелерін көрсету, олардың кәсіби дағдыларын дамыту, сондай-ақ қоғамның назарын қайта әлеуметтендіру және әлеуметтік бейімдеу мәселелеріне аудару мақсатында ұйымдастырылды.
Жәрмеңкеде Абай облысы бойынша ҚАЖ мекемелерінің өндірістік цехтарында дайындалған 50-ге жуық бұйым түрі ұсынылды. Олардың қатарында ағаш және металл бұйымдары, тоқыма және кәдесый өнімдері, тұрмыстық мақсаттағы заттар мен ұлттық ыдыстар, ұлттық музыкалық аспаптар, сондай-ақ басқа да қолөнер бұйымдары бар.
Келушілер жазасын өтеушілердің еңбегінің нәтижелерімен танысып, сапалы өнімдерді қолжетімді бағамен сатып алуға мүмкіндік алды. Еңбек қызметіне қатысу жазасын өтеушілерге кәсіби дағдыларды меңгеруге, жауапкершілігін арттыруға және бостандыққа шыққаннан кейінгі дербес өмірге дайындалуға мүмкіндік береді.
— Жәрмеңкеде ұсынылған әрбір бұйым — жазасын өтеушілердің еңбегі мен түзелуге деген ұмтылысының нәтижесі. Өндірістік процеске қатысу олардың жаңа кәсіби дағдыларды меңгеруіне, жауапкершілік сезімін қалыптастыруына және қоғамға пайда келтіруіне ықпал етеді. Осындай жәрмеңкелерді өткізу жазасын өтеушілерді еңбекпен қамтуды дамытуға, олардың кәсіби құзыреттілігін арттыруға және бостандыққа шыққаннан кейін табысты қайта әлеуметтенуі мен бейімделуіне жағдай жасауға ықпал етеді, — деп атап өтті жазасын өтеушілердің еңбегін ұйымдастыру бөлімінің бастығы Куанышбек Туканов.
