Абай облысында тағы бір ауыл ішімдіктен бас тартты
Абай облысы Мақаншы ауданына қарасты Қызылбұлақ ауылы тұрғындарының ауызбіршілігі мен саналы таңдауының нәтижесінде "Ішімдіксіз ауыл" мәртебесіне ие болды. Ақсақалдардан бастап жастарға дейін бұл бастаманы бірауыздан қолдап, ішімдік атаулыдан түбегейлі бас тарту туралы ортақ шешім қабылдады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
210 тұрғыны бар ауыл халқы салауатты өмір салтын насихаттауды, өскелең ұрпаққа қауіпсіз әрі жарқын болашақ қалыптастыруды басты мақсат етіп отыр. Бұл – тұрғындардың өз отбасына, қоғамға және келер ұрпаққа деген жауапкершілігінің айқын көрінісі.
Қызылбұлақ ауылында қоғамдық тәртіп пен тыныштықты сақтау, жастарды спортқа және білімге баулу, отбасы құндылықтарын нығайту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда.
Ауылдағы қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге үлес қосып жүрген учаскелік инспектордың міндетін атқарушы, полиция майоры Бақытжан Манат тұрғындардың бұл бастамасына жоғары баға берді.
– Біз құқық қорғау органдарының өкілдері ретінде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етумен қатар, олардың салауатты өмір салтын таңдауына қолдау көрсетеміз. Қызылбұлақ тұрғындарының бірлігі мен саналы ұстанымы – қоғамымыздағы маңызды құндылықтардың бірі. Бірлік бар жерде тәртіп те, даму да болады, – деді ол.
Өз кезегінде ауыл әкімі Қабыл Сабырұлы Кәсенов бұл шешімнің маңызын атап өтті.
– "Ішімдіксіз ауыл" мәртебесі – тек Қызылбұлақ тұрғындарының жетістігі емес, бүкіл ауданға үлгі болатын бастама. Біз балалар мен жасөспірімдердің бойында салауатты өмір салтын қалыптастыруға, отбасы институтын нығайтуға және ауылымыздың тыныштығын сақтауға күш жұмылдырамыз. Әрбір игі қадамымыз – келешек ұрпақтың жарқын болашағына қосылған үлес, – деді ауыл әкімі.
Қызылбұлақ тұрғындарының бұл таңдауы қоғамдағы оң өзгерістердің үлкен қалалардан ғана емес, шағын ауылдардан да басталатынын дәлелдейді. Тұрғындардың белсенділігі мен өзара ынтымағы кез келген игі бастаманың табысты жүзеге асуына негіз болады.
Салауатты өмір салты, берекелі тұрмыс пен қоғамдық келісім – Қызылбұлақтың басты құндылықтарына айналды. Бүгінде бұл ауыл алкогольсіз, тыныш әрі қауіпсіз ортаның жарқын үлгісін көрсетіп, өзге елді мекендерге өнеге болып отыр.
