Абай облысында техникалық талаптарға сай келмейтін көлікті басқарған жүргізуші анықталды
Абай облысында техникалық талаптарға сай келмейтін көлік құралын басқарған жүргізушінің жолы кесілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Бесқарағай ауданында "Қауіпсіз жол" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында кезекті рейдтік тексеру жүргізілді. Іс-шара барысында полиция қызметкерлері жол ережелерін сақтамай келе жатқан Racer мотоциклін тоқтатты. Көлік тізгінінде 57 жастағы жүргізуші болған.
Тексеру барысында бірқатар өрескел құқық бұзушылықтар анықталды. Атап айтқанда, мотоциклдің техникалық жағдайы талапқа сай келмейтіні белгілі болды. Көлікте жол қозғалысына тікелей қауіп төндіретін ақаулар бар екені анықталды. Бұл – көзге көрінбейтін, бірақ кез келген сәтте орны толмас салдарға әкелуі мүмкін тәуекел факторы.
Сонымен қатар мотоциклде тіркеу нөмірі болмаған. Ең бастысы – жүргізуші мотошлемсіз жолға шыққан. Бұл жағдай жол қозғалысы қауіпсіздігі қағидаларын өрескел бұзу болып саналады және адам өміріне тікелей қауіп төндіреді.
— Аға, сіз басқарып отырған көлік техникалық регламентке сәйкес келмейді. Бұндай жағдайда жолға шығу – тек өз өміріңізге емес, өзге жол қозғалысына қатысушыларға да қауіп төндіреді, - деп полиция қызметкері байыппен түсіндірді.
— Шынымды айтсам, мұның бәрі соншалықты қауіпті деп ойламаппын. Ауыл ішінде келе жатыр едім, қысқа жол ғой деп, - деп өкінішін білдірді жүргізуші.
Полиция қызметкерлері жүргізушіге заң талаптарын түсіндіріп, мұндай әрекеттердің салдары ауыр болатынын атап өтті. Қауіпсіздік құралдарын қолданбау мен техникалық ақауы бар көлікті пайдалану – тек ереже бұзу ғана емес, жолдағы барлық қатысушылардың өміріне қауіп төндіретіні ескертілді.
