Абай облысында “Цифрлық пробация” мобильді қосымшасы енгізілуде
Абай облысында “Цифрлық пробация” мобильді қосымшасы енгізілуде, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысы бойынша ҚАЖ департаментінің пробация қызметінде сотталғандармен жұмыс тиімділігін арттыруға және қызметкерлер мен есепте тұрған азаматтар арасындағы өзара іс-қимылдың заманауи цифрлық тетіктерін дамытуға бағытталған “Цифрлық пробация” мобильді қосымшасын кезең-кезеңімен енгізу жұмыстары жалғасуда.
Қазіргі таңда Абай облысы пробация қызметінің есебінде 700-ден астам сотталған тұлға тіркелген, олармен шамамен 65 қызметкер жұмыс жүргізуде. Цифрлық платформаны енгізу қызметкерлердің жұмыс тиімділігін айтарлықтай арттырып, есептегі азаматтарды сүйемелдеудің сапасын жақсартуға мүмкіндік беріп отыр.
Жаңа цифрлық сервис пробациялық бақылаудың негізгі процестерін автоматтандырып, қызметкерлер жұмысының жеделдігін арттырады және есепте тұрған тұлғаларға көрсетілетін әлеуметтік-құқықтық көмектің тиімділігін күшейтеді.
Қосымшаның көмегімен пробация қызметінің мамандары сотталғандардың жүктелген міндеттер мен сот белгілеген шектеулерді орындауын нақты уақыт режимінде бақылап отырады. Жүйе қызметтік ақпаратқа жедел қол жеткізуді қамтамасыз етіп, есептегі тұлғаларға электрондық істер жүргізуге мүмкіндік береді, сондай-ақ тексерістерді, оқиғаларды және бұзушылықтарды автоматты түрде тіркейді. Бұл өз кезегінде ашық әрі объективті дәлелдемелік базаның қалыптасуына ықпал етеді.
Есептегі тұлғалар үшін мобильді қосымша пробация қызметімен өзара іс-қимыл процесін едәуір жеңілдетеді. Пайдаланушылар смартфон арқылы өздерінің тұрған орнын және белгіленген талаптарды орындауын қашықтан растауға мүмкіндік алады, бұл пробация қызметіне бару санын қысқартады. Сонымен қатар қосымша жедел ақпарат алмасу, кеңес беру және хабарламалар жіберу үшін қорғалған байланыс арнасын ұсынады.
Жүйенің маңызды функцияларының бірі – келу кестесі, режим талаптары және міндеттердің орындалуы бойынша автоматты еске салулар жіберу. Бұл кездейсоқ бұзушылықтардың алдын алып, есептегі азаматтардың жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді.
— Пробациялық жүйені цифрландыру — қылмыстық-атқару жүйесін жаңғыртудың маңызды қадамы. “Цифрлық пробация” мобильді қосымшасы қызметкерлер мен есептегі тұлғалар арасындағы өзара іс-қимылды сапалы жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Заманауи цифрлық шешімдердің арқасында бақылаудың ашықтығы артып, қағазбастылық азаяды және қызметкерлер мен сотталғандардың уақыты үнемделеді. Ең бастысы, бұл жүйе есептегі тұлғаларға пробациялық талаптарды еңбекпен, білім алумен және күнделікті өмірмен тиімді ұштастыруға жағдай жасайды. Мұндай технологияларды енгізу әлеуметтік бейімделуге және қайталама құқық бұзушылықтардың алдын алуға ықпал етеді. Қазіргі уақытта Абай облысы пробация қызметінің бөлімшелерінде қосымшаны енгізу жұмыстары жалғасуда. Мамандар қызметкерлер мен есептегі тұлғаларға оқыту жүргізіп, жүйенің функционалдық мүмкіндіктерін жетілдіру арқылы көрсетілетін қызмет сапасы мен пробациялық бақылау тиімділігін арттыруда, — деді Абай облысы бойынша ҚАЖ департаменті пробация қызметін басқару бөлімінің бастығы Асанәлі Диханов.
