Абай облысында жас жол инспекторларының слеті өтті
Абай облысында жас жол инспекторларының слеті өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысында жас жол инспекторларының облыстық слеті — ЖЖИ өтті. Іс-шара Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі Ержан Саденов жариялаған "Заң және тәртіп — қауіпсіз балалық шақтың кепілі" жылы аясында ұйымдастырылды.
Облыстың 12 аудан-қаласынан келген командалар жол қозғалысы ережелерін білу, велосипедті шебер жүргізу, реттеуші дағдылары, алғашқы көмек көрсету және үгіт-насихат жұмыстары бойынша сынға түсті.
Слеттің басты мақсаты — жарыс өткізу емес, қауіпсіздікті өмірлік мәдениет ретінде қабылдайтын ұрпақ қалыптастыру.
- Балалардың жол қозғалысы ережелері адам өмірінің құнымен жазылғанын түсінуі өте маңызды, — деді Абай облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Жасұлан Байкенов.
Байқау қорытындысы бойынша: бірінші орынды Бородулиха ауданының "Бағдаршам" командасы, екінші орынды Курчатов қаласының "Зымыран" командасы, үшінші орынды Мақаншы ауданының "Намыс" командасы иеленді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бүгінгі жас инспекторлар — ертеңгі жүргізушілер, жаяу жүргіншілер және ата-аналар. Олар қауіпсіз қоғам мәдениетін қалыптастыратын болады. Өйткені кейде жолдағы бір сәттік мұқияттылық тұтас бір өмірді сақтап қалуы мүмкін.
