Абай облысында жол қауіпсіздігі бойынша ауқымды рейд өтті
Абай облысында 16 жасқа толмай мопед басқарған 3 жасөспірім анықталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысында балалардың жол қауіпсіздігін арттыруға бағытталған "Жолдағы балалар" атты жедел-профилактикалық іс-шарасы қорытындыланды. Іс-шараның негізгі мақсаты – кәмелетке толмағандардың қатысуымен болатын жол қозғалысы ережелерін бұзушылықтардың алдын алу, балалар мен ата-аналардың құқықтық сауаттылығын арттыру және жол қауіпсіздігі мәдениетін нығайту.
Шара барысында ішкі істер органдарының қызметкерлері тексеру, түсіндіру және бақылау бағыттарында кешенді жұмыстар жүргізді. Ерекше назар жасөспірімдер мен олардың ата-аналарына аударылып, жол қозғалысы ережелерін сақтау мен қауіпсіздік талаптары жан-жақты түсіндірілді.
Әсіресе кәмелетке толмағандардың мопед басқару деректері бақылауға алынды. Нәтижесінде 16 жасқа толмаған 3 жасөспірімнің мопедті заңсыз басқарғаны анықталды. Аталған жағдайда жауапкершілік ата-аналарына немесе заңды өкілдеріне жүктеледі.
Сонымен қатар жол қозғалысына қатысушылар тарапынан жасалған өзге де құқық бұзушылықтар бойынша 68 дерек тіркелді. Жаяу жүргіншілер мен жол қозғалысының өзге де қатысушыларының ережені бұзуы бойынша 90 құқық бұзушылықтың жолы кесілді. Барлық фактілер бойынша профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Шара барысында заң талаптарын бұзған 24 көлік құралы арнайы айыппұл тұрағына қойылды.
"Жолдағы балалар" іс-шарасы – тек бақылау шарасы ғана емес, сонымен қатар балалар мен ата-аналардың жол қауіпсіздігіне деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған маңызды профилактикалық қадам болып табылады.
