Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысының тұрғыны жақындарына қатысты жалған ақпарат таратқаны үшін сотталды

Абай облысының тұрғыны жақындарына қатысты жалған ақпарат таратқаны үшін сотталды, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Абай облысының 42 жастағы тұрғыны бұрынғы жұмыс берушісі мен оның жақындарына қатысты жалған ақпарат таратқаны және қоқан-лоқы көрсеткені үшін сотталды. Сот оған екі жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап, сонымен бірге публицистикалық және блогерлік қызметпен айналысуға бес жыл мерзімге тыйым салды.

Әйел жеке ұйымдардың бірінде жұмыс істеген. Өз еркімен жұмыстан босатылғаннан кейін ол іс жүзінде істеген бүкіл кезеңі үшін жалақысын толық алған. Оған қарамастан, ол маған ақша төленбеді деп мәлімдеген. Осыдан кейін, әлеуметтік желілердің белсенді пайдаланушысы ретінде, ол өзінің парақшасында бұрынғы басшысы мен оның жақындары туралы жазбалар жариялай бастаған. Оларда жалған ақпарат камтылып, адамдардың жеке қасиеттері келемежге алынған және оның жақындарының ар-намысына тиетін жеке сипаттағы мәліметтер жарияланған.

Бұдан бөлек, ол бұрынғы жұмыс берушісі мен оның жақындарының мүдделеріне елеулі зиян келтіруі мүмкін басқа да мәліметтерді таратамын деп қорқытқан. Сонымен бірге ол жазбаларды тоқтатуды осы талапты орындаумен байланыстыра отырып, өзіне ақшалай қаражат төлеуді талап еткен.

Сот оны кінәлі деп танып, екі жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады, сондай-ақ блогерлік қызметпен айналысу құқығынан бес жыл мерзімге айырды.

Сотталған әйелдің қарамағында 11 және 10 жастағы екі кәмелетке толмаған баласының болуын ескере отырып, бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеу бір жылға кейінге қалдырылды.

Сотталған азаматша Абай облысының пробация қызметінің есебіне қойылды. Онымен профилактикалық және түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Оған сот талаптары мен оларды бұзудың салдары да түсіндірілді. Жазаны өтеуден қашқақтаған жағдайда кейінге қалдырудың күші жойылып, тағайындалған жаза орындалуы мүмкін.

— Жаза алғаннан кейін мен қателік жібергенімді түсіндім. Балаларымның алдында өте ұяттымын. Енді өз жазбаларымның кесірінен олардан ұзақ уақытқа айырылып қалуым мүмкін екенін ұқтым. Жазаны кейінге қалдыру мерзімі ішінде бас бостандығымнан айырылмай, балаларым мен жақындарымның қасында болу үшін қолымнан келгеннің бәрін жасаймын. Мен өз қателігімді түсіндім және мұндай әрекеттердің арты ауыр салдарға әкеп соқтыратынын білемін, — деп бөлісті сотталған әйел.

— Адамның өз қателігін түсініп, сот берген мүмкіндікті түзелу үшін пайдаланғаны маңызды. Әсіресе әңгіме отбасы мен кәмелетке толмаған балалар туралы болғанда бұл өте маңызды. Енді сотталған әйелдің сот белгілеген талаптарды орындап, нақты жазаны өтеуден аман қалуы өзіне байланысты. Бұл жағдай әлеуметтік желілердегі жазбалардың кез келгені ауыр құқықтық салдарға әкеп соғуы мүмкін екенін тағы бір мәрте көрсетеді. Жалған ақпарат тарату, қоқан-лоқы көрсету және жеке мәліметтерді жария ету тек текетіреске ғана емес, сонымен бірге қылмыстық жауапкершілікке де әкеп соғады, — деп атап өтті Мақаншы аудандық пробация қызметі бөлімінің бастығы Данияр Танысбаев.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру