Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

“Абайлаңыз, балалар!”: Түркістанда сегіз күнде 70-тен астам жүргізушіге хаттама толтырылды

Түркістанда “Абайлаңыз, балалар!” жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында сегіз күнде 70-тен астам жүргізушіге хаттама толтырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Түркістан қалалық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі патрульдік полиция тобының қызметкерлері республика көлемінде өтіп жатқан “Абайлаңыз, балалар!” жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында ауқымды шара ұйымдастырды. Іс-шара Мырзахан Пошанов атындағы №21 жалпы орта мектебінде өтті.

Мұндағы негізгі мақсат – оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жол-көлік оқиғаларының алдын алу және болдырмау. Іс-шара аясында тәртіп сақшылары “Жол тәртібін білейік, аман-есен жүрейік!” тақырыбы аясында бастауыш сынып оқушыларына сабақ өтті. Оқушыларды қызықтыратын суреттер мен слайдтарды, бейнероликтерді пайдаланып, жолда жүру ережелерін, жаяу жүргіншілер жолағы мен бағдаршамды таныстырды. Жеткіншектерге бағдаршам, жолақ жоқ болған жағдайда жол қозғалысын реттеп тұратын полиция қызметкерінің көмегіне жүгіну керектігі түсіндірілді.

Сонымен қатар, оқушыларға “Назар аудар” белгісі көрсетілді. Қоғамдық көлікпен келетін оқушыларға көліктен түскен кезде, жолдан өтерде бірінші сол жаққа, содан соң оң жаққа қарау керектігі де ескертілді.

Өз кезегінде балалар полицейлерге сұрақтарын қойып, ақыл-кеңестерін алды. Шара соңында тәртіп сақшылары оқушыларға жол қозғалысы жайлы брошюра таратты. Ал мектептің бастауыш сынып мұғалімі Асима Наушынбаева тәртіп сақшыларына алғысын білдірді.

– Тәртіп сақшыларының оқушыларға жол қозғалысы жайлы түсіндірме жұмыстарын жүргізгеніне қуаныштымын. Балалар толық түсінді деген ойдамыз. Полицейлер қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп қана қоймай, балаларды қорғау барысында жұмыстар атқарып жүргеніне ризамыз. Жұмыстарыңыз алға баса берсін, – деді мұғалім.

Түркістан ҚПБ-ның полицейлері акция аясында 8 тәулікте жол ережесін сақтамаған 70-тен аса жүргізушіге әкімшілік хаттама толтырды. Нақтырақ айтар болсақ, бұл айыппұлдар балаларды тасымалдау кезінде, арнайы отырғыш құрылғысы болмауы және жаяу жүргіншілерге жол бермеу жағдайлары үшін салынған.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру