Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Сарбазды өз денесімен жауып, өмірін сақтап қалған “Халық Қаһарманы” туралы не білеміз?

Полковник  Қайрат Үмбетов – “Халық Қаһарманы”, “Отан” орденінің кавалері, “Қазақстанның жүз есімі” тізіміне енген тұлға. Осыдан алты жыл бұрын ержүрек офицер сын сағатта басын бәйгеге тігіп, жас сарбаздың өмірін сақтап қалды, – деп хабарлайды Polisia.kz сайтының тілшісі.

Оқиға 2016 жылдың 7 сәуірінде Қарағанды облысындағы Қарабас елдімекеніндегі 6505 әскери бөлімінде орын алды. Сарбаздардың қатысуымен оқу-жаттығу өтіп жатты. Бұған дейін жас жауынгерлер автомат пен тапаншадан оқ атып, керекті дағдыларды меңгерген болатын. Ал бұл жаттығуда олар жарылғыш граната лақтырып үйренбек болған. Құраманың штаб бастығы полковник Қайрат Үмбетовке сол кезде оқу-дайындыққа жауапты маман ретінде қауіпсіздікті қадағалау міндеттелді. Алғашқы болып қатардағы жауынгер Абзал Сұлтанқұлов РГД-5 гранатасын қолға алды. Пәрмен берілген соң ол гранатасын құлаштап лақтырды. Алайда гранатаны лақтыруға лайық күштің жеткіліксіз болғаны ма, жарылғыш зат алысқа ұшпай, қарсы соққан желдің екпінімен окоптың жиегіне, үйілген топыраққа түсті. Содан домалап, сарбаз бен офицер тұрған тұсқа жетті. Тәртіп бойынша граната лақтырылғаннан кейін сарбаз тұрған жерінде отыра қалу керек. Абзал да қаруын ұстап, отыра қалды. Жауынгер өзі лақтырған гранатаның табанының астына түскенін білмеген еді. Сол сәтте бойындағы бар жігерін жинап,  офицер сарбазды итере салып, оны кеудесімен жауып үлгереді. Жарылыс салдарынан полковник түрлі жарақат алады.

“Біз Ұлттық ұлан қатарында “Халық Қаһарманы” полковник Қайрат Үмбетов қызмет ететінін мақтанышпен айтамыз. Бүгін ол “Батыс” өңірлік қолбасшылығы штабының бастығы. Офицерлер одан үлгі алулары қажет. Ол өз өмірін қатерге тіге отырып, сарбазды жарылған гранатадан құтқарды. Оқиға әлі де есімде. Мен ол кезде “Орталық” өңірлік қолбасшылығында тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар басқармасының бастығы болып қызмет атқарған едім. Ол өз іс-әрекетімен Отанға және әскери антына деген шексіз адалдығын көрсетті. Ауыр жарақат алып, ауруханаға түсті. Қайрат Жарылқасынұлы ауруханада есін жиғанда жанында тұрғандардан “Жауынгер аман ба?” деп сұрады. Сарбаздың амандығын естігенде ғана жүрегі тынышталды. Адамгершілік деп осыны айтса болады”, – деді “Шығыс” өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары Берік Тоқтаров.

Осы асқан ерлігі үшін ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының Жарлығымен Қайрат Үмбетовке “Алтын жұлдыз” және “Отан” орденімен бірге “Халық қаһарманы” атағы берілді.

“Полковник Қайрат Үмбетовпен бірге қызмет еткенімді мақтан тұтамын. Офицерлік мансабында қызмет еткен барлық жердегі әріптестері ол туралы жақсы пікір білдіріп, құрмет көрсетеді. Қарамағындағылар арасында іскерлік беделге ие. Ал ең жоғарғы дәреже – “Халық қаһарманы” атағы оның Отанға сіңірген еңбегін айшықтап тұрғандай”, – деді бір қарулас досы 6654 әскери бөлімінің командирі Жандос Қасымов.

Қайрат Үмбетов 1977 жылы 10 қыркүйекте Өзбек КСР Ташкент облысы Шыршық қаласында дүниеге келген. Кейіннен ата-анасымен бірге Қазақстанға көшіп келіп, әскери қызметін жалғастырады. 2001 жылы аға лейтенант шенінде алғашқы қызмет жолын 6506 әскери бөлімінде рота командирі болып бастайды. 2007-2016 жылдар аралығында  Павлодар, Өскемен, Қарағанды қалаларында рота, батальон командирі, әскери бөлім командирінің орынбасары іспетті қызметтерді сәтті атқарады. 2020 жылдың 17 қыркүйегінен бастап Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы “Батыс” өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы лауазымында.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру