Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алакөл маңында жол қауіпсіздігі толыққанды қамтамасыз етілген

Алматы облысындағы Алакөл маңында жол қауіпсіздігі толыққанды қамтамасыз етілген, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Алматы қаласы мен еліміздің шығыс аймағын байланыстыратын күре жолдың Алакөл аймағындағы қауіпсіздігін облыстық Жергілікті полиция қызметі басқармасының 4-взводы қамтамасыз етеді.

Аталған взводтың жол сақшылары жыл басынан бері 3500 астам жол ережесін бұзу дерегін анықтаған. Оның ішінде 15 жүргізушінің көлікті масаң күйде басқарғанын әшкерелеген. Сонымен қатар, 1000-нан астам жүргізушінің жол ережесін өрескел бұзып, өзге көліктен тыйым салынған аймақта озғаны анықталса, 558 көлік жүргізушісінің жылдамдық тәртібін сақтамағаны белгілі болды.

– Бізде қыс өте қатал, суық болса, жаз мезгілі ыстық және желді болып саналады. Осыған орай, қызметкерлердің шыдамдылығын және жолда қалған жолаушыларға өте шұғыл көмек көрсетуін талап етеміз. Әсіресе, жаз мезгілінде Алакөлге демалушылардың саны артады. Осыған орай, жолдың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жол бойындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу шараларын тұрақты жүргіземіз. Жақында екі қызметкеріміз аға лейтенант Максим Шевченко мен лейтенант Руслан Меделханов автопатрульдеуде газ тасымалдаушы көлігінің жарылуы кезінде бір жүргізушіні өлімнен құтқарып, өзге жүргізушілердің өміріне төнген қауіпті қайтарды, – деді Алматы облысы Алакөл АПБ бастығы Қуат Оспанов.

Жол сақшылары жол-көлік оқиғаларының алдын алу және құқық бұзушылықтарды болдырмау мақсатында аудан орталығы Үшарал қаласында арнайы рейд жүргізді. Жол жүру ережелері мен жолдағы қауіпсіздік талаптарын сақтағысы келмейтін бірнеше жүргізушіге хаттама толтырылып, айыппұл салынды.

– Бүгінгі жүргізілген арнайы рейд барысында 40-қа жуық әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Республикалық маңызы бар жолда жылдамдықты шамадан тыс асырған 14 жүргізуші анықталды. Алты көлік иесіне көлігінің алдыңғы әйнегіне қараңғылағыш пленка жабыстырғаны немесе перде қойғаны үшін хаттама толтырылды. Қауіпсіздік талабын бұзып, белдік тақпаған бес жүргізушіге және заңға қайшы жерде өзгеден озған алты жүргізушіге айыппұл салынды, – деді Қуат Оспанов.


Өз кезегінде жол сақшылары жүргізушілерді өздерінің және жолаушыларының өміріне қауіп төндірмес үшін жол жүру ережелерін қатаң сақтауға шақырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру