Алакөл жағалауында "Таза Қазақстан" акциясы аясында экологиялық шара өткізілді
"Таза Қазақстан" республикалық экологиялық акциясы аясында Алакөл жағалауында Жетісу облысы полиция департаментінің қызметкерлері "Жетісу жастары" жастар ұйымының өкілдерімен бірлесіп экологиялық акция өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алакөл – Қазақстанның ең көрікті табиғи жауһарларының бірі. Жыл сайын бұл өлкеге еліміздің түкпір-түкпірінен және шетелден мыңдаған турист қонаққа барады. Сондықтан оның табиғи сұлулығы мен тазалығын сақтау – баршаға ортақ міндет.
Акция барысында қатысушылар жағалау аумағын тұрмыстық қалдықтардан тазалап, демалушыларға қоршаған ортаны аялау, қоқысты арнайы орындарға тастау және қоғамдық орындардың тазалығын сақтау жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Полиция қызметкерлері табиғатты қорғау әр азаматтың жеке жауапкершілігінен басталатынын атап өтті. Осындай игі бастамалар табиғатты сақтауға ғана емес, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға да ықпал етеді.
