Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алаяқтар азаматтарды қалай алдайды: полиция деректерді қорғау бойынша кеңес береді

Павлодар облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында "Интернет-алаяқтықтың алдын алу" тақырыбында брифинг өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Павлодар облысы полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасарының мәліметінше, 2026 жылдың тоғыз айында облыс аумағында интернет-алаяқтық санаты бойынша 1230 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 472 фактіге аз. Есепті кезеңде 162 қылмыстық іс бойынша өндіріс аяқталған.

Спикердің айтуынша, интернет-алаяқтықтың алдын алу мақсатында өңірде профилактикалық іс-шаралар мен халық арасында түсіндіру жұмыстары күшейтілген. Соған қарамастан, азаматтар күн сайын алаяқтардың түрлі айла-шарғысына тап болып жатады.

Брифинг барысында интернет-алаяқтықтың кең таралған тәсілдері мен одан қорғану жолдарына ерекше назар аударылды. Азаматтарға интернеттегі күмәнді сілтемелер мен ұсыныстарға сақтықпен қарау, күрделі әрі сенімді құпиясөздер қолдану және қауіпсіз интернет қосылымдарын пайдалану ұсынылды.

Полиция департаменті халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру және интернеттегі қылмыстардың алдын алу мақсатында тұрақты түрде профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырып келеді. Алаяқтардың өздерін банк немесе басқа да ұйымдардың қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері ретінде таныстырып қоңырау шалуы, сондай-ақ фишингтік сайттар арқылы азаматтардың жеке және қаржылық деректерін иемденуі сияқты кең таралған алаяқтық схемаларға ерекше сақтықпен қарау қажет.

Полиция қызметкерлері балалар мен қарт туыстардың интернеттегі қауіпсіздігіне де ерекше көңіл бөлуге шақырды. Бұл санаттағы азаматтарға алаяқтардың әрекетін дер кезінде танып, күмәнді жағдайларда дұрыс шешім қабылдауға көмектесу маңызды.

Алаяқтар көбіне адамға психологиялық қысым жасап, оны асығыс шешім қабылдауға итермелейді: қорқытады, шұғыл түрде ақша аударуды немесе SMS арқылы келген кодты айтуды талап етеді. Мұндай жағдайда ең басты ереже – асықпау. Күмәнді қоңырау немесе хабарлама келіп түскен кезде әңгімені тоқтатып, ақпаратты тиісті ұйымның ресми байланыс арналары арқылы өз бетінше тексерген жөн.

Жеке және қаржылық деректерді қорғау, күмәнді сілтемелерді ашпау және бейтаныс адамдарға құпия ақпаратты бермеу – интернеттегі алаяқтықтан сақтанудың негізгі шаралары.

Егер азамат алаяқтардың құрбаны болған жағдайда, оқиға туралы дереу полиция органдарына хабарлап, тиісті шара қолдану туралы арыз беру қажет, – деп қорытындылады спикер.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру