Алматы академиясы "Бес қару" әскери-спорттық және оқу-ғылыми биатлон ұйымдастырды
ҚР ІІМ М. Есболатов атындағы Алматы академиясында "Бес қару" әскери-спорттық және оқу-ғылыми биатлоны өткізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазіргі жаһандану жағдайында ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қорғау саласында қызмет атқаратын болашақ мамандарды даярлау жүйесіне қойылатын талаптар жыл сайын артып келеді. Осы орайда құқық қорғау және әскери бағыттағы жоғары оқу орындарында білім алатын курсанттар мен азаматтық оқу орындары студенттерінің кәсіби даярлығын тек теориялық біліммен ғана емес, олардың әскери-спорттық, зияткерлік және ғылыми әлеуетін кешенді түрде дамыту арқылы жетілдіру өзекті екені сөзсіз.
Осы қажеттілікті ескере отырып, ҚР ІІМ Мақан Есболатов атындағы Алматы академиясының 70 жылдық мерейтойы аясында және Отан қорғаушылар күні қарсаңында ұйымдастырылған "Бес қару" әскери-спорттық және оқу-ғылыми биатлоны болашақ офицерлер мен мамандардың кәсіби шеберліктерін қалыптастыруға бағытталған маңызды іс-шара болды.

Бес қару әскери патриоттық ойыны бұған дейін М.Есболатов атындағы академия қабырғасында өткізілетін. Биыл бұл іс-шара жаңа форматта "Динамо" стадионында өткізіліп, бұрынғы бағдарламаға тест сұрақтарын қосу арқылы патриоттық ойын биатлон дәрежесіне көтерілді.
Сонымен қатар бұрын тек Алматы қаласының әскери- арнайы оқу орындарының арасында ғана ұйымдастырылса, биыл азаматтық жоғары оқу орындарының студенттері қатыстырылды.
Атап айтқанда жаңа форматтағы "Бес қару" әскери-спорттық және оқу-ғылыми биатлонына 9 команда қатысты.
ҚР ІІМ М.Есболатов атындағы Алматы академиясы, ҚР ҰҚК академиясы, ҚР ҰҚК Шекара қызметі академиясы, ҚР ҚМ Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты, ҚР ҚМ Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлерінің әскери институты, әл-Фараби атындағы ҚҰУ, Алматы менеджмент университеті, "Narxoz" университеті және Q university-нің студенттері жарыс көрігін қыздырды.

Додалы сайыста гран-приді ҰҚК Шекара академиясының командасы иеленді. С.Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлерінің әскери институты 1-орынды, Әскери-инженерлік радиоэлектроника және байланыс институты 2-орынды, ҚР ҰҚК академиясы 3-орынды жеңіп алды.
