Ақтауда полицейлер түнгі тыныштықты бұзған тұрғынды жауапқа тартты
Ақтау қаласы полиция басқармасының патрульдік полиция батальоны қызметкерлері түнгі тыныштықты бұзу дерегін тоқтатты, - деп хабарлайды Polisia.kz.
2 мамыр күні сағат 02:23 шамасында "102" арнасына 11-шағын ауданда орналасқан №38 үйдің тұрғындарынан пәтерлердің бірінен қатты музыка естілетіні туралы хабарлама түскен.
Оқиға орнына патрульдік полиция қызметкерлері Әліби Есенаманов пен Аян Аязбай жедел жетті.
Пәтер иесі есікті ашпағандықтан, оқиға орнына төтенше жағдайлар қызметінің мамандары шақырылды. Кейін тәртіп сақшылары екінші қабатқа баспалдақ арқылы көтеріліп, терезе арқылы құқық бұзушыдан есікті ашуды талап еткен.
Тексеру нәтижесінде 40 жастағы пәтер иесі түнгі тыныштықты бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Айта кету керек, аталған дерек бойынша жергілікті тұрғын полиция департаментінің ресми сайты арқылы патрульдік полиция қызметкерлеріне алғыс білдірген. Ол өз өтінішінде тәртіп сақшыларының жедел әрекеті мен кәсібилігін атап өтіп, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарына ризашылығын жеткізген.
