Павлодар облысында полицейлер спорттық шараға қатысты
Павлодар облысында полицейлер спорттық шараға қатысты, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Орталық жағалауда “Заң мен тәртіп” тұжырымдамасы аясында құқық қорғау қызметкерлеріне арналған дене шынықтыру сабағын Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген конькимен жүгіру шебері Людмила Прокашева өткізді. Сонымен қатар іс-шараға қоян-қолтық ұрыстан әлем чемпионы Владимир Демьянов және “Қаһарман” таеквондо мектебінің тәрбиеленушілері қатысты.
Қатысушылар таңғы жаттығуды жүгіруден бастады. Жарыс Лермонтов спускінен басталып, Естаев спускіне дейін жалғасты. Мәре “Ertis Promenade” сахнасында аяқталды. Жүгіруден кейін Людмила Прокашева барлық қатысушыларға бұлшық еттің барлық топтарын қамтитын жалпы жаттығу жасатты. Қарқынды сергіту жаттығуынан соң Владимир Демьянов қоян-қолтық ұрыстан әсерлі шеберлік сабағын көрсетті. Іс-шара барысында полиция қызметкерлері гир спорты бойынша өздерінің жоғары дайындық деңгейін де танытты.
– Полиция қызметкерлері әрдайым тамаша физикалық формада болуы тиіс. Бұл – тек кәсіби қажеттілік қана емес, сонымен қатар салауатты өмір салтының үлгісі. Жеке үлгі арқылы олар жастарды және тұрғындарды белсенді болуға, спортпен айналысуға және зиянды әдеттерден аулақ болуға шақырады, – деп атап өтті Павлодар облысы ПД арнайы және кәсіби даярлық басқармасы бөлімінің бастығы Жамбыл Мұқашев.
Бұл іс-шара спорт пен кәсіби дайындықтың өзара тығыз байланысты екенін көрсетіп, тәртіптілік, төзімділік және командалық рухты қалыптастырудың жарқын үлгісі болды.

