Алматы облысында бір килограмнан астам гашишті саудалау әрекетіне тосқауыл қойылды
Қапшағай қаласында есірткі тасымалдаумен және оны сақтаумен байланысты кезекті қылмыс әшкере болды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Облыстық Есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері «Hyundai» маркалы автокөлігінде белгісіз тұлғалар ірі көлемде есірткі алып бара жатқаны және оны одан әрі сату жоспарланғаны туралы жедел ақпарат алды. Есірткі тасымалдаушыларды қолға түсіру шарасы Қапшағайдың саяжай кешендерінің бірінде іске асырылды.
– Жедел-арнайы шара кезінде біздің қызметкерлер «Hyundai» автокөлігін ұстады, оның ішінде екі ер адам болған. Тінту жүргізу кезінде көліктің жүксалғыш бөлігінде тәртіп сақшылары куәгерлердің қатысуымен ұнтақ түріндегі есірткі заты бар полиэтилен пакетті тәркіледі, – деді Алматы облысы ПД бастығының орынбасары Данияр Мендебаев.
Жеке тексеру кезінде күдіктілерден есірткі өнімі салынған полиэтиленді пакет табылды. Сот-химиялық сараптама қорытындысына сәйкес тәркіленген өнімнің жалпы салмағы 1 кг 10 гр болды.
– Есірткі заттарын заңсыз сату дерегі бойынша ҚР ҚК 296-бабы 4-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Қылмыстық іс Қапшағай қаласы ӘПБ тергеу бөлімінің өндірісінде. Сонымен қатар, біз есірткіні жеткізу арнасын анықтаймыз және ұсталған А. және Б. азаматтарының өмір салтын зерделейтін боламыз. Алдын ала тергеу барысында екі сотталушының да еш жерде жұмыс істемейтіні және есірткіге тәуелді екені белгілі болды, – деп түйіндеді Данияр Мендебаев.