Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматы облысының полицейлері кісі тонау қылмысын ашты

Алматы облысының полицейлері кісі тонау қылмысын ашты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Маусым айында Райымбек ауданы полициясының кезекші бөліміне құрылыс компанияларының бірінде жұмыс жасайтын 62 жастағы азамат аудан орталығы Нарынқол ауылындағы нысанды күзету кезінде оған белгісіз біреудің шабуыл жасап, ұялы телефонын тартып алып кеткенін айтқан.

– Тәртіп сақшылары екі ай бойы зардап шеккен күзетшінің берген сипаттары бойынша қылмысқа қатысы бар күдіктіні іздеп, тонау дерегін жасады деген күдікпен 18 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады. Күдіктіден екі ай бұрын қолды болған телефон тәркіленіп, іс материалдарына айғақзат ретінде тіркелді. Із кесушілердің бұлтартпас айғақтарынан кейін 18 жастағы күдікті кісі тонағанын мойындады. Тергеу барысынджа оның маусым айында түнде құрылыс материалдарын ұрлау мақсатында салынып жатқан нысанға келгені және аумаққа шолу жасап жүрген күзетшінің қолындағы қолшамның жарығына түсіп, бұта арасында ұсталып қалғаны белгілі болды. Сол сәтте ол күш басымдығын пайдалана отырып, күзетшіге шабуыл жасап, оның ұялы телефонын тартып алып, қашып кеткен, – деді Алматы облысы Райымбек аудандық полиция бөлімінің бастығы Мұрат Нұрдәулетов.

Кісі тонау дерегінің ізін суытпай ашу мүмкін болмады, бірақ полицейлердің қылмысты ашуға бағытталған жұмысы тоқтаған жоқ. Жүргізілген жүйелі жұмыс нәтижесінде қылмыс ашылды, із кесушілер күдіктінің белгілері бойынша оны анықтап, ұстады. Телефон заңды иесіне қайтарылды. Ұсталған азаматтың бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылмағанын ескере отырып, сотқа дейінгі тергеу кезеңінде ол ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат негізінде босатылды. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 191-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру