Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматы облысының полициясы Алматыдағы тәртіпсіздік кезінде дүкен тонаған тұрғынды анықтады

Алматы облысының полициясы Алматыдағы тәртіпсіздік кезінде дүкен тонаған тұрғынды анықтап, айғақзаттарды тәркіледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жедел-іздестіру шаралары барысында Кербұлақ ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері қаңтар айының басында Алматыдағы жаппай тәртіпсіздік кезінде дүкендерге шабуыл жасап, өзгенің мүлкін заңсыз иеленген күдіктіні Қаспан ауылынан құрықтады.

– Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 191-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктінің мекенжайынан бес дана телефон, планшет, бірнеше қол сағат, құлаққаптар, микрофлешкалар мен Beeline абонеттерінің нөмірлері табылды. Табылған заттар тәркіленіп, іс материалдарына айғақзат ретінде тіркелді, – деді Кербұлақ ауданы ПБ бастығы Ербол Ахметқалиев.

Полиция басшысының ақпараты бойынша, іске қатысы бар деген күдікпен ұсталған 24 жастағы азамат бұған дейін қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған. Алматыға жұмыс жасауға барған ол тәртіпсіздіктер орын алғанын пайдаланып, “Апорт” сауда үйіндегі дүңгіршектердің бірінен тәркіленген заттарды заңсыз иемденіп кеткен.

Тәртіп сақшыларының бұлтартпас айғақтарынан кейін күдікті қылмысын толық мойындап, заңға қайшы әрекеті үшін өкінетінін жеткізген. Оның әрекетіне сот органдары нақты баға беретін болады. Сонымен қатар, полицейлер оның осыған ұқсас қылмыстарға қатысы барын тексеруде.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру