Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматы полицейлері жастар арасында нашақорлықтың алдын алу үшін психологтармен бірікті

Алматы полицейлері жастар арасында нашақорлықтың алдын алу үшін психологтармен бірікті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Полиция қызметкерлері, клиникалық психолог және Алматы құрылыс-техникалық колледжінің өкілі мектеп және колледж, ЖОО-ның студенттері арасында “ZOOM” платформасы арқылы “Нашақорлықтың алдын алу, есірткіні қолдану мен таратудың құқықтық аспектілері туралы” тақырыбында бірқатар дәрістер өткізді.

– Нашақорлықпен және есірткінің заңсыз айналымымен күрес конференцияның басты тақырыбы болды. Нашақорлықтың алдын алу және психоактивті заттарды тұтынудың адам ағзасына тигізетін кері салдарының әсері мәселелеріне тоқталдық. Әңгіме барысында насыбай, энергетикалық сусындар, электронды темекі сияқты заттарды қолданудың қаншалықты зиян екені де сөз болды. Студенттерге есірткі құралдарының, психоактивті заттардың және олардың аналогтарының заңсыз айналымы үшін Қазақстан заңнамасында қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік көзделгендігі туралы айтылды, – деді Алматы қалалық ПД Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының бастығы Ерлан Әлмағамбетов.

Конференцияға 70-тен астам адам қатысты. Бұл – Қазақстан инженерлік-технологиялық университеті колледжінің, Алматы автокөлік-жол колледжінің, “Авимед” медициналық колледжінің және Алматы қаржы-экономикалық колледжінің оқытушылары мен студенттері. Аудитория сабақтарға белсенді қатысты, өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, оларға білікті жауаптар алынды. Мұндай онлайн-конференциялар және оқу орындарымен өзара іс-әрекет тұрақты түрде өткізіліп тұрады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру