Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматы полициясы кәсіби мерекесін салтанатты түрде атап өтті

Қазақстан полициясы күніне орай Алматы қаласында ауқымды салтанатты іс-шара ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Мерекелік іс-шараға Алматы қаласы полиция департаментінің басшылығы мен жеке құрамы, ішкі істер органдарының ардагерлері, қызметкерлердің отбасы мүшелері және қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан полиция қызметкерлерінің жақындары қатысты.

Мерекелік бағдарлама аясында қазақстандық эстрада жұлдыздары мен Алматы қаласы полиция департаменті ансамблінің қатысуымен концерт ұйымдастырылды. Сонымен қатар сала қызметкерлеріне құрмет көрсетіліп, үздік нәтижелерімен ерекшеленген полиция қызметкерлерін марапаттау рәсімі өтті.

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің, қала әкімінің, және Алматы қаласы полиция департаменті бастығының атынан бірқатар қызметкерге наградалар мен алғыс хаттар табысталды.

Іс-шара барысында ұрпақтар сабақтастығына, ардагерлердің еңбегін ұлықтауға және қызмет жолында қаза тапқан әріптестердің отбасыларына қолдау көрсету мәселесіне ерекше мән берілді.

Жиынға қатысушылар алдында сөз сөйлеген Алматы қаласы полиция департаментінің бастығы Айдын Кабдулдинов полиция қызметінің қоғам алдындағы жауапкершілігіне тоқталды.

– Полиция қызметі – бұл заң мен тәртіп, азаматтардың қауіпсіздігі жолында шаршамай, талмай адал қызмет ету. Әрбір жетістіктің артында тәртіп, кәсібилік, табандылық пен өз ісіне деген адалдық жатыр, – деді ол.

Сондай-ақ департамент бастығы полиция қызметкерлерінің отбасылары мен ардагерлерінің рөліне ерекше тоқталып өтті.

– Біз қызметкерлеріміздің отбасыларына әрдайым ризамыз. Олардың түсіністігі мен қолдауы полиция қызметкерлеріне өз міндетін абыроймен атқаруға мүмкіндік береді. Ардагерлерімізге және қызмет барысында қаза тапқан әріптестеріміздің отбасыларына ерекше алғыс айтамыз. Олардың өнегелі жолы мен ерлігі жас буын үшін әрдайым үлгі болып қала береді, – деді Айдын Кабдулдинов.

Салтанатты шара жоғары деңгейде ұйымдастырылып, полиция қызметіне деген құрметтің, кәсіби бірліктің және ұрпақтар сабақтастығының жарқын көрінісіне айналды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру