Алматыда ер адам қарумен қорқытып, дүкен тонаған
Алматыда ер адам қарумен қорқытып, дүкен тонаған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қаланың Бостандық ауданында түнгі сағат бірде тонау орын алды.
– Розыбакиев көшесінде орналасқан тәулік бойы жұмыс істейтін азық-түлік дүкеніне белгісіз біреу клиент ретінде кіріп, қару қолданып, кассадағы ақшаны ұрлап кеткен. Күзетші мен кассир өз өмірлері үшін қауіптеніп, тонаушының талабын орындап, түскен ақшаны берді. Бұл қылмысты ашу мақсатында криминалдық полицияның тәжірибелі жедел қызметкерлерінен және аудандық ПБ-ның тәртіп сақшыларынан арнайы жедел-іздестіру тобы құрылды. Бір тәуліктен кейін полицияның арнайы жасағының көмегімен күдікті қолға түсті. Оның жұмыс орнында, даяшы болып жұмыс істейтін дәмханалардың бірінде, қызметкерлерге арналған киім ауыстыратын бөлмеде заттай айғақ сақталған сөмке табылды, атап айтқанда оттық түрінде жасырылған мылтық, күдіктінің тонау кезінде киген киімдері мен басқа да құралдар, – деп хабарлады Алматы қалалық Полиция департаменті бастығының орынбасары Дидар Аханов.
Тәжірибелі қарақшы – Шымкент қаласының тұрғыны, 24 жастағы Т.есімді азамат болып шықты. Алматыда ол табыс табу үшін жүрген және тәжірибе көрсеткендей, бұл табыстар көбінесе қылмыстық сипатта болған.
– Оның азық-түлік дүкендеріне жасалған тағы екі қарақшылық шабуылға қатысы бар екендігі анықталды. Қылмыстардың қолжазбасы бірдей. Сараптама жүргізу үстіндеміз. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды, – деді Дидар Аханов.