Алматыда клубтар мен барларда есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу шаралары күшейтілді
Алматыда клубтар мен барларда есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу шаралары күшейтілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматыда есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімшесінің қызметкерлері ойын-сауық мекемелерінің басшыларымен жұмыс кездесуін өткізді. Кездесу түнгі клубтардың бірінде ұйымдастырылып, құқық бұзушылықтардың, соның ішінде есірткі құралдарының заңсыз айналымының алдын алуға бағытталды.
Іс-шара барысында полиция қызметкерлері бизнес өкілдеріне өздеріне сеніп тапсырылған нысандарда қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жауапкершілігін еске салып, қызметкерлерді іріктеудің маңыздылығына ерекше тоқталды. Сонымен қатар құқыққа қайшы әрекеттерге қатысы бар тұлғаларды жұмысқа қабылдауға жол бермеу қажеттігі атап өтілді.
Бұған дейін кейбір ойын-сауық орындарында есірткі қылмыстарына мекеме қызметкерлерінің, оның ішінде қызмет көрсетуші персоналдың қатысы болған деректер тіркелген. Мұндай фактілер полиция тарапынан дер кезінде анықталып, жолы кесілген, оның ішінде тікелей жұмыс орындарында да әшкереленген жағдайлар бар.
Кездесу барысында тұрақты ішкі бақылауды күшейту, полициямен өзара іс-қимылды нығайту және күмәнді жағдайларға жедел әрекет ету мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Жиын ашық әрі конструктивті диалог форматында өтіп, тараптар құқық бұзушылықтардың алдын алу шараларын күшейту бойынша нақты ұсыныстар мен бастамаларды талқылады.
Алматы қаласы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Батуржан Абдумасаровтың айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстың басты мақсаты – құқық бұзушылықтарды анықтап қана қоймай, олардың алдын алу.
- Біздің міндет – есірткі қылмыстарын анықтау және жолын кесумен қатар, олардың алдын алу. Бұл ретте ойын-сауық мекемелері иелері мен әкімшілігінің жауапкершілігі аса маңызды. Себебі, орта қалыптастырып, ондағы жағдайды бақылау – тікелей олардың құзыретінде, – деді ол.
Алматы қаласында полиция қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыруда.
